Weekend
Eup.kz
Әр адам үшін өз құқығын және Ата заңдағы көрсетілген ережелер мен талаптарды, заңдарды білуі өте маңызды. Республикамызда заңды әлі де болсын толық білмейтін, өз мүддесін қорғай алмайтын қарапайым халық күн кешіп жатыр.
Заман талабына сай цифрланған қоғамда Қазақстан да өзінің даму стратегиясын сандық негізде дамытуға көшті. Бұл дегеніміз - кез келген ақпаратты бір орта, бір платформа арқылы онлайн режімде алуға мүмкіндік жасау. Аталған жүйені іске асыру үшін халықтың заң турасындағы сауатын арттыру үшін және заңгерлер мен адвокаттардың жұмысын жетілдіру мақсатында «E-заң көмегі» іске қосылды.
Әділет министрлігінің бастамасымен және Ұлттық ақпараттық технология акционерлік қоғамының қолдауымен жүзеге асып жатқан «E-заң көмегі» туралы Заң консультанттары палаталарының ассоциациясы төрағасының кеңесшісі Әлия Мырзабекпен сұқбаттасқан болатынбыз.
Bugin.kz: «E-заң көмегі» қандай көмек көрсетеді?
Әлия Мырзабек: Бұл платформа автоматтандырылған жүйеде жұмыс жасайды. Біріншіден, ішкі фактор бойынша, «E-заң көмегін» пайдаланған заңгер мен адвокаттар уақыт үнемдейді. Осыған дейін кез келген сот процесінде немесе заң арқылы шешілетін мәселелерде адвокат пен заңгер өздері туралы ақпарат беріп, оны растайтын анықтама көрсетуі тиіс болса, аталған платформаға тіркелу арқылы бұл құжаттарды жеңілдетуге және уақыт ұтуға болады.
Ал халық үшін пайдасы өте үлкен. Мәселен, қоғамда заңды толық білмегендіктен қарапайым азаматтар түрлі жағдайда тығырыққа тіреліп жатады. Енді «E-заң көмегі» арқылы қарапайым азамат өзіне керек заңгерді және адвокатты таңдау арқылы мәселесін шешуіне болады. Онда олар заңгер мен адвокаттың жұмыс өтілімі туралы, жеке жұмыс тәжірибесі туралы ақпарат ала алады.
Bugin.kz: Азаматтар оны қайдан көре алады?
Әлия Мырзабек: «E-заң көмегі» бойынша арнайы Eup.kz сайты іске қосылды. Осы сайт арқылы заңгер мен адвокат та, қарапайым халық та өздеріне керек ақпаратты ала алады. Тіркелу жұмыстары да осы сайт арқылы жүзеге асады. Сайтта арнайы бірнеше айдарлар көрсетілген. Атап айтқанда, Адвокаттар, Заңгерлер, Жаңалықтар және Жоба туралы деген бірнеше айдар бар.
Bugin.kz: Қазір тіркелген адвокаттар мен заңгерлер бар ма?
Әлия Мырзабек: Әрине. Қазірдің өзінде бұл платформаға 141 адвокат, 377 заңгер, 17 адвокаттың көмекшісі және 18 заңгер палатасы тіркелген. Бұл туралы сайтқа толық ақпаратты «Статистика» бөлімінен қарауға болады.
Bugin.kz: «Е-заң көмегі» арқылы халыққа белгілі бір әлеуметтік жеңілдік қарастырылған ба?
Әлия Мырзабек: Иә, бұл жағы міндетті түрде жасалған. Мүгедек жандарға, жартылай мүгедек жандар, жетім және жартылай жетім секілді түрлі әлеуметтік проблемасы бар адамдар үшін тегін онлайн түрде ақпарат алу жолы қарастырылған.
Bugin.kz: Бұл платформаға заңгерлер мен адвокаттардың тіркелуі міндетті ме?
Әлия Мырзабек: Жоқ, міндетті емес. Алайда жоғарыда атап өткенімдей, бұл - бір орта арқылы автоматтандырылған жүйе. Сондықтан пайдасын тигізбесе, зияны жоқ. Бұдан бөлек, «E-заң көмегі» заң аясындағы мәселелердің ашық түрде, яғни, бәрінің онлайн арқылы жүзеге асқанын қамтамасыз етеді.
Сұқбатыңызға рақмет!