Саясат
Есеп комитетінің төрайымының мәлімдемесі
«Президент атаған барлық бағыттар бойынша бюджет пен Ұлттық қор қаражатына өте қатаң бақылау жүргізіледі. Өздеріңіз естігендей, Үкімет пен Есеп комитетіне үш айдың ішінде ұлттық компаниялардың ғана емес, квазимемлекеттік сектордың жұмысының тиімділігіне талдау жүргізу міндеті жүктелді. Меніңше, бұл жұмыс барынша тиянақты жүргізіліп, нәтижесі Президентке баяндалады», - деді Наталья Годунова Парламенттің бірлескен отырысынан кейін тілшілердің сауалдарына жауап бере отырып.
Есеп комитетінің төрайымы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, «Бәйтерек» холдингіне, «Қазагроға» тексеру жүргізілгенін айтып өтті.
«Қосымша тағы да талдау жұмыстары жүргізіледі. Ұлттық компания қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің санын азайту бастамасына да бұрыннан жақындап келеміз», - деді Наталья Годунова.
Еске сала кетсек, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
«Мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсетеді. Ұлттық қордан 100 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бірақ, сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр. Шын мәнінде жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керек еді. Бірақ, жергілікті әкімдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған. Соның салдарынан салық және зейнетақы төлемдерін арттырып, жергілікті бюджетті нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ», - деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Осыған орай, Президент Есеп комитетіне және Қаржы министрлігіне қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.