Саясат
Сыртқы істер министрі мән-жайды түсіндірді
«Қытай бізде инвесторлардың тізімінде бірінші мемлекет емес. Өздеріңіз білетіндей, ең бірінші орындарда Нидерланды (егемендік алғалы бері 87 млрд доллар инвестиция тартылған) тұр. Екінші орында АҚШ (37 млрд доллар), одан кейін Швейцария (23 млрд доллар), Қытай (17 млрд доллар), Франция (15 млрд) орналасқан. Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасында бірлескен комиссия бар. Сол комиссия бойынша ынтымақтастық жөнінде біріккен бағдарламаны құрғанбыз. Осындай бағдарламаны басқа елдермен де дайындадық. Бүкіл әлемде сауда соғысы жүріп, санкциялар көбейіп кетті. Мұндай жағдайда инвесторлар тыныштық іздейді. Олар әрине, қауіпті жерге барып ақшасын салмайды. Тиісті жағдай ұйымдастыратын елдерге барып инвестицияларын салады. Біздің алдымыздағы мақсат – Қазақстанда осындай жағдай жасап, инвестиция тарту жұмысын ары қарай жалғастыру», - деді Ермек Көшербаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге Сыртқы істер вице-министрі «Қытай елінен 55 ескі зауыт Қазақстанға көшіріледі-мыс» деген әлеуметтік желілерде тараған әңгімеге қатысты жауап берді.
«55 зауыт деген бағдарлама да жоқ. Кезінде естігенім: блогерлар немесе ватсаптағы роликтерде 55 ескі зауыт деген әңгіме бар екен. Ресми түрде айтарымыз – ондай бағдарлама жоқ, ескі зауыттарды ешкім әкелмейді. Барлық жобаларды өзіміз таңдап, тиісті мемлекеттік сараптамадан өткіземіз. Ол жобаларды жекеменшік кәсіпкерлер атқарады. Ескі заттарды ешкім алмайды. Біздің елге әкелмейді. Егер ондай ой болса, біздің комиссия әрине, оған тыйым салады. Тізімдегі 55 жоба деген – ол зауыттарға жатпайды. Жылына екі рет қытайлармен комиссия отырысын өткіземіз. Әр жобаның тиісті жағдайы, қандай қиындықтары бар – талқылаймыз. Ескі зауыттар жоқ», - деді Ермек Көшербаев.