Экономика
Үкімет те, Ұлттық банк те зейнетақы жүйесін басқа арнаға бұруға әзірше дайын емес
ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов 5 пайыздық қосымша зейнетақы салымының 2023 жылға дейін шегерілуі туралы пікір білдірді.
- Жасырары жоқ, қазіргі зейнетақы жүйесі біраз қиындықтарды бастан өткеруде. Халық жасы ұлғайып, өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Тұрақсыздық, міндетті зейнетақы жарналарын толық аудармау салдарынан 2014 жылы қосымша 5% енгізу қажет болды. 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін бес жыл өтпелі кезең берілді (...) Демографиялық, экономикалық және қоғамымыздағы өзге де өзгерістер барлығын қайта қарауды талап етеді. Қазір Үкімет те, Ұлттық банк те зейнетақы жүйесін түбегейлі басқа арнаға бұру қажеттігі туралы айтуға дайын емес. Үкімет пен Ұлттық банкке сарапшыларды тарту туралы тапсырма берілді, - деді Тимур Сүлейменов «Хабар 24» арнасындағы тікелей эфирде берген сұхбатында.
Сонымен бірге, спикер әлеуметтік мақсатта жұмсалатын бюджет шығындары туралы әңгімеледі.
- Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет екенімізді баса айтты. Сондықтан, Үкімет пен мемлекеттік органдар бюджет пен мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуде осыған сүйенеді. Өзіңіз білесіз, бюджет жобасы Парламентке енгізілген және жақын арада талқыланады, - деді Т. Сүлейменов.
Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке 5 пайыздық қосымша зейнетақы салымдарын 2023 жылға дейін шегере тұруды тапсырды. Осы уақыт ішінде Үкімет, бизнес өкілдері мен сарапшылар нұсқаларды қарап, болашақ зейнеткерлердің де, жұмыс берушілердің мүддесі сақталған, ортақ келісілген шешімге келуі керек.