Bugin
Мәслихат депутаттары бір ауыздан шешті
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдап, шаһардағы басты көшелердің біріне Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы атауын берді.
Өңірлік басылымның мәліметіне сәйкес, қаладағы көше атауына Елбасының есімін беру ұсыны қарапайым азаматтардан түсіпті.
- Қалалар мен аудандардағы негізгі көшелерге Назарбаев атын беру бастамасы көтерілген. Эстафетаны біздің өңір де қабылдады. Облыстың ірі кәсіпорындары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, қалалық автомобиль көлігі колледжінің ұжымы, жеке азаматтардан ұсыныс түсті. Қоғамдық тыңдауға 250-ден астам адам қатысты, - дейді облыстық тілдерді басқару басқармасының директоры Гүлжан Мендекинова.
Юрий Гагарин көшесінің атауын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы және Гвардейская көшесіне Юрий Гагарин есімін беру жайында ұсыныс республикалық ономастикалық комиссияның отырысында қаралыпты. Нәтижесінде тұрғындардың ұсынысы қолдау тапқан.
Облыстық мәслихат депутаттары бұл өзгерісті бірауыздан қолдап дауыс берді.
- Көше атауы жазылған тақтаны айырбастауға бюджет қаражаты жұмсалмайды. Бұл жұмыс демеушілердің қаржысы есебінен жүргізіледі, - деді Гүлжан Мендекинова.
Sputnik Қазақстан