Саясат
Зейнетке кет!
Халықтың наразылығын тудырған сөзін мәжіліс депутаты Владимир Божконың кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында айтып, «ауыздан апат» болған еді.
- Сіздерге Әблязов аз ба?! Біздің елімізде көңілі толмаған азаматтардың наразылығына сүйеніп, елде бүлдірмек болған шетелдің арнайы қызмет өкілдері онсыз да көп... Бір ғана нәрсе айтайын. Үш жылдың ішінде әлеуметтік қолдау көлемі 17 есе көбейді. Халық осы үшін ғана, кешіріңіз, үкіметтен тізерлеп тұрып кешірім сұрауы керек, - мәлімдеген болатын Божко.
Депутаттың бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде кәдімгідей талқыланып, оған қарсы пікір білдіріп, наразылық танытқандар көп болды. Көбі депутаттың отставкаға кетуін не зейнетке шығуын талап етіп жатыр.
Божконың мәлімдемесін уәж айтқан пікірлердің кейбіріне тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.
- Депутат Божко, «үкімет мемлекеттік көмекті 17 есе көбейтсе, ол тиімді болар еді, әлеуметтік көмекке зәру болып жүрген отбасылардың саны қазіргіден де аз болар еді ғой» деп ойламадыңыз ба?
Сонда халықтың жағдайы жақсы болғандықтан үкіметтен көмек сұрап отыр деп ойлайсыз ба?
Тұрмысы нашар отбасылардың қалай тұрып жатқанын сіз бөлек барып көрдіңіз бе?
Сіз сонда, шынымен де, «Халық үкіметтің АЛДЫНДА ТІЗЕРЛЕП ТҰРЫП КЕШІРІМ СҰРАУЫ керек» деп ойлайсыз ба?
Бұл сонда біздің мүддемізді қорғайды ғой деп таңдаған ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫНЫҢ сөзі ме, мемлекеттік қызметкерге жат емес пе?
Божко, зейнетке шығатын кез келген сияқты? Олай көрінбей ме сізге? – деп жазды Нұртас Адамбай.
- Бұл не деген маразматика?? Халықты неге қорлайды? Халықтан кешірім сұрауы үшін, керісінше, оны бұрышқа тығу керек? – деп жазды қоғам белсендісі Салтанат Тәшімова.
- Владимир Карпович, Сізге не болған? Соқыр, керең болып қалғансыз ба? – деп жазады белсенді Әлнұр Ильшев.
- Божко мырза! Халыққа қарсы сөйлегеніңіз нағыз надандық қой! Тайраңдап кеткеніңіз не?! Егер біреу тізерлеп тұрып кешірім сұрау керек болса, оны бірінші болып өзіңіз жасаңыз! – деп жазды Марат Тұрымбетов.