Bugin
Оқулықтар бір баспадан шығарылған
Әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен «Қазақстан тарихы» оқулығына қатысты мәселеге ҚР білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова түсініктеме берді. Бұл туралы ведомствоның Facebook-тегі парақшасында хабарланды.
Жаңартылған білім беру мазмұнының бағдарламалары 2015 жылы жасалып, 2016 жылы бекітіліп, сол жылы қолданысқа берілген болатын. Яғни, жаңартылған білім беру мазмұнына 2017-2018 оқу жылдары бір мезетте 5 және 7 сыныптары көшірілген.
Жалпы, тарихты оқыту мектеп бағдарламасында 5-сыныпта басталып, 11-сыныпта аяқталады. 5-сыныпқа көшкен оқушылар кейінгі жылдары Қазақстан тарихын жаңартылған білім беру мазмұнымен оқып келе жатыр. Ал 7-сынып оқушылары бұған дейін Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихын ескі бағдарламамен оқып келген. Бұл тұрғыда вице-министр ескі бағдарлама мен жаңартылған білім беру мазмұнының айырмашылығына тоқталды.
- Ескі бағдарлама бойынша 5-сынып оқушылары Қазақстан тарихынан әңгімелер, 6-сынып оқушылары ежелгі заман тарихы, 7-сынып оқушылары орта ғасырлар тарихы, 8-сынып оқушылар жаңа заман тарихын және 9-сынып оқушылары қазіргі заман тарихын оқып келді. Жаңартылған білім беру мазмұнында 5-сыныпта оқытылған Қазақстан тарихынан әңгімелер бастауыш сыныптағы Дүниетану пәніне енгізілді. Сондықтан жаңартылған білім беру мазмұнында тарихты оқу ежелгі заман тарихынан бастап, қазіргі заман тарихына дейін сатылап оқытылатын болды. Қарап отырсаңыздар, тарихты оқу жүйелі түрге көшірілді. Осыған байланысты биылғы оқу жылында 6-сынып оқушылары Қазақстан тарихы 6 деп белгіленген және Қазақстан тарихы 7(6) деп белгіленген оқулықтармен оқытылады. Бұл екі оқулықтың мазмұны бір. Қалған сыныптарда да осындай. Бұл оқулықтар бір баспадан шығарылған, - деді Шолпан Каринова.