Саясат

Жеңіс Қасымбек: Қытай қаражаты пайдаланылған, бірақ Қазақстан азаматтары еңбек етеді

Бірлескен кәсіпорындарда 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарланған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қытайдан Қазақстанға ескі кәсіпорындар әкелінбейді, деп мәлімдеді премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек. Оның айтуынша, индустрияландыру аясында екі ел 55 бірлескен жобаны жүзеге асырмақ.

Мемлекеттік кепілдеме бір ғана жоба - Астана LRT бойынша ғана берілген, деді Қасымбек бейсенбі күні баспасөз мәслихатында.

"55 бірлескен жобаның 15-і экономиканың әр секторында іске қосылды. Ауыл шаруашылығы, металлургия, химия, мұнай және газ, көлік және логистика, тағы басқа салалар бар. Он бес жобаның жалпы құны 3,9 миллиард доллар. Төрт мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылды. Қызметкерлердің 95%-і Қазақстан азаматтары деп нақты айта аламын", - деді Қасымбек.

Ол JAC қытай көлігін шығаратын "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" компаниясын мысал ретінде келтірді. Қазақстан қытай инвесторларына Ресей, Беларусь, Өзбекстан нарығына шығуға мүмкіндік береді, дейді вице-премьер.

"Бұл зауытта Қазақстан азаматтары жұмыс істейді. Екінші мәселе  -  рапс майын өндіретін "Тайынша май" зауыты. Мұнда да қытай технологиясы, қытай қаражаты пайдаланылған, бірақ Қазақстан азаматтары еңбек етеді. Енді 2019 жылдың соңына дейін бағдарлама аясында тағы бес жоба іске қосылады", - деп мәлімет берді Қасымбек.

Зауыттар мен жаңа жобалар ескі-құсқы, лас деген шағымдар айтылып жүр, деп жалғастырды ол.

"Ешқандай лас немесе ескі кәсіпорын бір елден екінші ел аумағына көшірілген жоқ. Барлығы жаңа кәсіпорын", - дейді вице-премьер.

Үкімет басшысының орынбасары атап өткендей, жуырда Қапшағай маңында баламалы энергия электр станциясы ашылған.

"Отыз адам жұмыс істейді – бәрі Қазақстан азаматтары. Су жаңа өндіріс. Бұл – жаһандық үрдіс, бас тарта алмаймыз", - деді Қасымбек.

Жалпы айтқанда, кәсіпорындар аясында 20 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. 95%-тен астамы қазақстандық жұмысшылар болады, деп сендірді вице-премьер.

sputniknews.kz