Саясат
Ол үш жылға бас бостандығынан айырылды
"25 шілдеде "Қарағанды қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ әлеуметтік төлемдерді тағайындау жөніндегі секторының бас маманы Ж. Смағұлова 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып, атаулы әлеуметтік көмек төлеуге өтінім берген кезде басқа анкеталық деректің орнына өзінің жеке деректемелерін көрсеткен және жәрдемақыны алып отырған", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров.
Смағұлова барлығы 1,6 миллион теңге жымқырған, бұл қаражат әлеуметтік жағынан осал 10 отбасыға АӘК ретінде берілуі тиіс болған.
Үкім сотталушының баласы 14 жасқа толғанға дейін 5 жылға кейінге шегерілгені хабарланды.
Айта кетсек, осы жылдың 1 сәуірінен бастап елімізде АӘК көрсету мөлшері күнкөріс деңгейінің 50%-нен 70%-не дейін көтеріліп, 20 789 теңгені құрады. Нәтижесінде жәрдемақы алушылар саны 571,6 мың адамнан 830 мың адамға дейін өсті. Бұл ретте, егер АӘК-тің орташа мөлшері бұрын отбасының әрбір мүшесіне 4 834 теңгені құраған болса, енді әр балаға 20 789 теңге төленеді.