Bugin
Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошановтың жаңа орынбасары – Абзал Нүкенов
Ол бұған дейін елордадағы «Астана» халықаралық ғылыми кешені Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған.
- ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Абзал Нүкенұлы облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол әлеуметтік сала мен ішкі саясатқа жауап береді. Оған білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласы, тіл саясаты, ішкі саяси тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету мәселесі, жастармен және БАҚ-пен жұмыс кіреді, - деді Ерлан Қошанов.
Абзал Нүкенов 1978 жылы 21 маусымда Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «саясаттанушы, саясаттану оқытушысы» мамандығы бойынша аяқтаған. Саясаттану ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 2000 жылы «Отан» Республикалық саяси партиясынан бастаған.
2016-2018 жылдары ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі болды. 2018 жылдың тамыз айынан қазіргі уақытқа дейін «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған.