Экономика
Үздік 5 кеңес
Әлемдік нарықтық қатынастар, дағдарыс, үстемдік пайызы көп несие. Мұның барлығы - кез келген адамның түн ұйқысын бір мезетте бұзатын қорқыныш.
Кім байығысы келмейді дерсіз. Ақшаның құнданған заманында, тіпті балалардың да арманы бөлекше болады екен. Мәселен, біздің кезде мектеп қабырғасында мұғалім, дәрігер, спортшы, суретші, ғалым, әнші, биші болуды армандайтын оқушылар көп болса, бүгінде олардың орнын банкир, бастық, орынбасар, тіпті, миллионер болуды армандаушылар басып кеткен. Бала шақтан биікті армандаған дұрыс та шығар. Дегенмен миллионер болу - биіктік деп санамайтын адамдардың бірімін. Бұл - бала санасын улау және бұл бөлек талдауды қажет ететін тақырып.
Тақырыпқа оралсақ, бай болудың жолдары қандай?! Әлемнің озық көшбасшылары, спикерлері, бизнес-тренерлері ұсынатын кеңестерді саралай келе, сіздерге бай болудың «Үздік бестігін» ұсынбақшымын.
1. Бай болам десеңіз, ең алдымен, ысырапшылдықтан сақ болыңыз. Қажетсіз заттар, пайдасыз дүниелер, керексіз «қоқыстың» қатарын толтырудан сақ болыңыз. Ысырапшылдық бизнес кітаптарда ғана емес, діни насихаттарда да күнә тізіміне жататын жаман әдеттердің бірі екендігін ұмытпаңыз. Ақша тиыннан құралады.
2. Ақшаға да сатып ала алмайтын алтындай уақытыңызды құр жібермеңіз. Жоспар құруды әдетке айналдырыңыз. Маңыздысы - жоспар жазылған соң, міндетті түрде орындауға дағдыланыңыз. Сыйластық пен құрмет, ең алдымен, өзіңізден басталады. Пайдалы курстарға қатысыңыз. Себебі, қазіргі таңда барлық бағыттағы курстар қолжетімді. Өзіңізді таппай жүрсеңіз, сол салалардың бірі-сізді жетелер табыс көзі болмасына кім кепіл?!
3. Ұйқы мен жалқаулықтан қашыңыз. «Атағы шыққан тұлғалар да жалқау болған екен, оқу үлгерімі тіптен төмен болыпты» деген стереотиптерден арылыңыз. Себебі, жетістік 99%-ы еңбектен тұрады.
4. Білімсіз күнің жоқ. Өз салаңыз жайлы, қызығушылығыңызға қатысты, психология саласындағы сапалы әдебиеттерді оқыңыз. Себебі адам ойына келген идеялардың 91%-ын басқа адамдар ойлап тауып, даму сатыларын жазып кеткен. Ғаламтор - алтын сандық. Пайдалысын пайдаңызға жарата біліңіз.
5. Дос-жаран, таныстар. Ашығын айту керек, қазіргі таңда ең жақын деген досыңызды да белгілі бір жұмысты шешу мақсатымен іздеп жатамыз. «Таныс бар жерде шанс бар» деген жастардың қанатты сөзіне айналған тіркестің шын мәнісінде жаны бар. Тек пайдакүнемділікпен шатастырмаңыз. Барлық жерден дос іздеңіз. Досы көпті жау алмайтыны секілді, қиналған шақта сізді құздан да, түзден де алып шығатын досыңыз.
Осымен, мен ұсынған үздік бестік тәмам. Алақанда ұстағаныңыз доллар, тілеген тілектеріңіз мөлдір болсын! Бастысы адамдықты ұмытпайық!