Bugin

Абақтының орнына Америка: 10 жылға сотталған Қанат Сұлтанбековтің қазіргі өмірі қандай?

1 млрд пара алған бұрынғы елорда әкімінің орынбасары

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қанат Сұлтанов, сен кімсің?

Қанат Сұлтанбеков 1976 жылы Алматыда туған. Әкесі Таңатар Сұлтанбеков «Алматыгорстрой» көп салалы акционерлік компаниясы» АҚ иесі. Таңатар Сұлтанбеков Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында бірқатар ірі тұлғалармен бірге оқыған.

Таңатар Сұлтанбековтің үзеңгілестері қатарында Иманғали Тасмағамбетов те бар. Бір қызығы, Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласының әкімі болған жылдары (2004-2008) Қанат Сұлтанбеков  әкімнің орынбасары (2007-2008жж), ал, Тасмағамбетов елорда әкімі болған жылдары (2008-2014) кіші Сұлтанбеков тағы да әкімнің орынбасары (2009-2014 жылдары) болған. И.Тасмағамбетов Қорғаныс министрі болғанда (2014-2016 жж) Қанат Сұлтанбеков қорғаныс саласына тікелей қатысы бар «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары қызметіне барады (2015 жылдан 2017 жылдың желтоқсанына дейін).

Жергілікті БАҚ жазғандай, Қанат Сұлтанбеков 1 млрд теңге көлеміндегі параның көбін Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) әкімінің орынбасары қызметінде жүріп алған. Оған кәсіпкерлер мен мердігер компанияларды әкімдіктің тендерлеріне өткізу үшін пара алып отырған деген айып тағылды. Кейін, «Қазақстан инжиниринг» компаниясында отырып та кәсіпкерлерден ақшалай пара алған.

Тағы бір қызық сәйкестік, Қанат Сұлтанбеков Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары болып жүргенде оның әкесіне тиесілі "Алматыгорстрой" көп салалы акционерлік компаниясы қалада бірнеше тұрғын үй салып, жолдарды жөндейді. Айта кетейік, Таңатар Сұлтанбеков бұл компанияны 1994 жылдан бері басқарып келеді.

2 млрд айыппұлды екі күнде төлеу үшін қанша байлық болуы керек?

Қанат Сұлтанбековтің соңғы қызмет орны – қорғаныс саласында техника шығарып, сатып алып, сататын «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ басқармасы еді (төраға орынбасары). Бірақ, ол алған 1 млрд теңге көлеміндегі пара бірнеше жыл ішінде, әсіресе, елордада әкім орынбасары болған кезде жиналған тәрізді. Ең қызығы, бірнеше қызметте жүріп, өте қомақты көлемде пара алды деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айрылған Қ.Сұлтанбеков сот жазасынан 2 млрд теңге айыппұл төлеп құтылды. «Бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған үш баласының барын және тергеу органдарымен келісімге келгенін ескере отырып, сот оның жазасын 2,14 млрд теңгеге ауыстырады» делінген еді. Ол 2017 жылдың қарашасында сотталған. Сол жылдың 11 желтоқсанында мемлекетке келтірген залалы үшін айыппұлының алғашқы бөлігі ретінде 959 млн теңгені төлейді. Ал, 2018 жылдың 5-6 ақпанында қалған 1 млрд 180 млн теңге көлеміндегі қаржыны бес траншпен төлеген.

Қылмыстық кодекстің 65 бабына енген өзгеріс милиардтап ақша жымқырған қазақстандық шенділердің түрмеде емес, шетелдерде шалқып өмір сүруіне жол ашып берді. Бұған дәлел – 1 млрд теңге пара алып, 10 жылға сотталса да, сот залынан босатылған Қанат Сұлтанбековтың қазіргі өмірі.

Әйелі блогер үйдің де ұрлығы жатпас...

Қанат Сұлтанбековтың әйелі Шолпан Сұлтанбекова instagram әлеуметтік желісінде Шолпан Сергеевна деп тіркелген. Оның қыз кезіндегі тегі – Қоңырбаева Шолпан Сергейқызы.

Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Шолпан ханымның 35 мыңнан аса оқырманы бар. Өзін медицина жолымен арықтататын, дұрыс тамақтануды үйрететін сертификаты бар эксперт ретінде таныстырады. Тіпті, жолдасы Қанат Сұлтанбековты осы білімінің арқасында псориаз ауруынан емдеп алыпты.

Парақшасын тек дұрыс тамақтану туралы әдемі суреттермен толықтырса да, бір тәулік қана сақталатын «сторизінде» Нью-Йорктегі жеке өміріне қатысты дүниелермен бөлісіп тұрады.

Шолпан Сұлтанбекованың сториздерінен байқағанымыз, олар Нью-Йорктегі атақты –«World Trade Center»-де өмір сүреді. WTC - Манхэттендегі жеті ғимараттан тұратын өте бай аудан. Шолпан ханымның салған «сториздерінен» байқағанымыздай, олардың жатын бөлмесінен сол жарқыраған жеті ғимарат анық көрінеді.

Терезесі Манхэттенге қарайтын жаңа пәтер іздеді ме екен, әлде қазіргі тұратын пәтерін қараған кезі ме, Шолпан Сергеевна басына каска мен құрылыс көз әйнегін таққан суретін сторизіне жүктеген.

Арагідік Нью-Йорк жағажайына барып, суға түсіп тұрады екен. Өзінің дұрыс тамақтану салтын қызы мен күйеуіне де әбден сіңірген көрінеді, өйткені, сторизінде «қызым мен жолдасым мені қуанту үшін маған вегандардың тоқашын алып берді» деп жазады. 

Сондай-ақ, жазбасының соңында «Балаларымның менімен бір толқында екені қуантады» дегенді қалдырған. Оған қоса, үйінің жанында өткен жәрмеңкеден португал халқының ұлттық тағамдарын кездестіріп, серуендеп жүргенін және жазады.

Азаттық рухы