Спорт

Ақан Сатаев Серік Сәпиев туралы фильм түсіруге кірісті

Фильмге Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің өмірбаяны арқау болады

 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2018 жылғы мемлекеттік сыйлықтың иегері, танымал режиссер Ақан Сатаев бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің өмірбаяны негізінде "Боксер" кинолентасын түсіру жұмыстары басталғаны туралы хабарлады.

"Құрметті достар, біз жаңа, көлемді және қызықты жобаны бастағанымыз туралы қуана хабарлаймыз", — деп жазды Ақан Сатаев Instagram желісіндегі парақшасында.

Оның айтуынша, "Боксер" фильмінің сценарийі рингте көптеген жетістікке жеткен атақты қазақстандық боксшы Серік Сәпиевтің өмірбаянына негізделеді.

2004 жылы Серік Сәпиев бокстан Қазақстан чемпионы атанды, ал 2005 және 2007 жылдары бокстан әлем чемпионатында Қазақстан туын чемпион ретінде көтерді.

2007 және 2009 жылдары Сәпиев Азия чемпионы атанды. 2009 және 2011 жылдардағы әлем чемпионаттарында қола және күміс жүлде алып, 2010 жылы Азия ойындарында алтын медаль иеленді.

Ол 2012 жылы Лондон Олимпиадасының финалында жарыс қожайыны, британиялық Фредди Эвансты жеңіп, 69 килограмм салмақта Олимпиада чемпионы атанды. 

Лондон Олимпиадасының қорытындысы бойынша Серік Сәпиев 1936 жылдан бері Олимпиада ойындарының ең білікті боксшысына беріліп келе жатқан Вэл Баркер кубогын алды.