Weekend

Daryn.online жобасының директоры: Біз бәрін 5 минутта түсіндіреміз!

Еліміздегі тың әрі бірегей жоба туралы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Білім саласында озық технологияны пайдалану - заман талабы. Қазір мектеп бағдарламасынан бөлек жекеменшік оқу орталықтары да көбейіп келеді. Себебі ата-ана баласына қосымша білім талап етеді.

Daryn.online жобасы еліміздегі мектеп бағдарламасын онлайн оқыту әдісін ұсынып отыр. Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы аталған жобаның жетекшісі әрі бас директоры Серікбай Бөгенбаймен сұқбаттасқан болатын.

-  Daryn.online жобасы дүниеге қалай келді?

-   Бұл жоба ойда тумастан бұрын менде «Нар академиясы» болған. Бұл да жекеменшік оқыту орталығы еді. Осы орталықты 3 жыл басқарып, Елордамызда 2 үлкен филиалын ашқаннан кейін, республикалық деңгейде барлық оқушыға қолжетімді бағдарлама ойлап тапқым келді. Бұл үшін маған мықты команда және тұлға керек болды. Ақыры ақылдаса келіп, жиған тәжірибемізді ортаға салып, онлайн жүйеде білім беретін платформа жасауды қолға алдық.

-  Неге «Daryn.online»?

-   Кез келген адам дарынды болмайды. Алайда еңбек етіп, білім іздеген адам дарынды болуға лайық. Сондықтан елдегі білім саласын көтеру үшін бізге дарынды оқушылар, жастар керек. Ал "онлайн" деген түсінікті деп ойлаймын.

-  Онлайн білім беру платформасының республикалық деңгейде таралып кетуіне және сапалы білім беруіне қаншалықты кепілдік бере аласың?

-   Бірден ештеңе болмайды. Уақыт керек. Мысалы, кезінде онлайн таксилер пайда болған кезде халық бірден үйреніп кеткен жоқ. Шыны керек, сенген емес-ті. Ал қазір ше? Қазір бәрі смартфондағы бағдарлама арқылы үйінің алдына дейін такси шақырып, баратын жеріне ақшаны онлай төлеу арқылы жете алады. Дәл осы секілді біздің де платформаның өз көздеген үлкен мақсаты бар.

Ауылды жерлерде бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беріп жатады. Бұл білім үшін қауіпті. Ал әр ғылымды сол ғылымның иесі түсіндірсе нәтиже болады. Сол үшін әр ата-ана баласының толыққанды дұрыс білім алуы үшін ештеңеден аянбайды деп сенеміз және біз де сол сенімнің үдесінен шығуға тырысамыз. Бұл біздің басты міндетіміз.

-  Daryn.online жобасының ерекшелігі неде?

-   Бұл жобаның ерекшелігі - алыс аймақта тұратын оқушылар үшін қолжетімді болады. Білесіз, еліміздегі ауылдар толыққанды интернетпен қамтамасыз етіліп жатыр. Бұл дегеніміз - ата-ана баласын қайта-қайта қалаға әкеліп, ай сайын шығындалып оқу орталықтарына келіп жүрмейді деген сөз. Сізге керегі - тек компьютер немесе смартфон және интернет. Бастысы ниет болуы керек.

Одан кейін, бізде сабақ беретін мұғалімдердің арасында неше жылдық тәжірибесі бар аға оқытушылар мен халықаралық, республикалық пән олимпиадаларынан жеңімпаз жастар бар. Жастарды алып отырған себебіміз, олар қазіргі балалардың тілін түсінеді. Оқушылар да олармен жұмыс жасай алады. Бастысы бір-бірімен ортақ қарым-қатынас орнату.

Жобамыздың тағы бір ерекше атап өтетін жері бар. Бұл – валюта. Яғни, оқушының ынтасын ашу үшін біз арнайы «daryn» (d.) валютасын ойлап таптық. Бұл валютаны жинау арқылы оқушы платформадағы сабақты сатып ала алады және тест сұрақтарына жеңілдік ретінде пайдалана алады.

-  Сабақты өту тәсілі қалай жүзеге асады?

-   Алдын ала түсірілген видео дәрістеріміз бар. Бәрі 5 минуттан. Неге 5 минут деген кезде, мектепте әр сабаққа 45 минут уақыт кетеді. Оның өзінде нақты сабақты түсіндіруге 5 минут жеткілікті. Ал қалған уақыт үй тапсырмасына, амандасуға, тақтаға шығып үй жұмысын айтумен шектеледі. Осыны ескере келіп, біз 5 минут ішінде бір сабақты түсіндіріп беруге болатынын көрсеттік.

Ең алдымен баланың зейінін аудару үшін жұмыс жасаймыз. Біздің видеода түрлі анимациялар жоқ. Тек сабақты түсіндіру. Теориялық жақтан ғана емес, қарапайым түсінікті тілде оқушыға айтылған дүниені сіңдіру.

Оқушы басқа жаққа көңіл аудармас үшін 5 минуттық видеоны соңына дейін көріп шығуы керек. Себебі бес минуттың видеоның әрбір минутында өтіліп жатқан сабаққа қатысты сұрақтар қойылып отырады. Оқушы сол сұрақтарға жауап берсе ғана видеоны жалғастыра алады. Ал жауап бере алмаған жағдайда қайта пысықтауына тура келеді. Бұл меніңше, нағыз таптырмас тәсіл секілді.

Болашақта платформада оқушылар үшін арнайы өзгерістер болады. Бұл жүре түзелетін нәрсе.

-  Бәсекелес көп пе?

-   Қазақстанда бізге бәсекелестер көп. Дегенмен біздің платформаның оқыту әдісі және білім беру формасы мүлде басқаша. Сондықтан біз бұл жобаның нәтиже беретініне сенеміз.

Біздің платформа әлемдік тәжірибеде бір нұсқаға ғана сүйенбеген. Бірнеше жұмыстарды сараптау, талдау арқылы қалыптасқан.

-  Платформада барлық пән қарастырылған ба?

-   Жалпы бұл жерде барлық пән жоқ, бірақ алдағы уақытта қосылады. Қиындық тудыратын негізгі пәндер кірген. Одан бөлек сабақтар 7-сыныптан басталады. Алда барлық сыныптарды қосу жоспарда бар.

-   Қазір мектептен білім алған баласын ата-ана қосымша білім беру орталықтарына апарады. Не себеп?

-   Әрине, мектептегі жүйелі білімнің болмауы. Мүлде жоққа шығармаймын, алайда мектеп білімді балаға толық бере алса, жекеменшік білім беру орталықтарының саны күрт көбеймес еді. Мәселен, шағын ғана Елордамызда 100-ге жетпейтін мектеп пен 600-ге жуық білім беру орталықтары бар. Осыдан кейін өзіңіз сараптай беріңіз.

-   Daryn.online ата-ана үшін...

-   Баласының жарқын болашағын көрсететін онлайн платформа.

-   Сұқбатыңа рақмет! Іске сәт!