Weekend
Қазақ қаламгерлері стриптиз билеген Дженнифер Лопезге қарсы
«Қаламгер» - Мұрат Бидосовтың картинасы. Бұл "Хабар" телеарнасының тапсырысымен түсірілген сериалдың кинонұсқасы.
Драмада өткен ғасырдың 70-80-жылдарында өмір сүрген қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығы суреттеледі. Сол замандағы дүйім жұрттың барын баптап, жоғын жоқтаумен жүрген қарымы мол қазақ жазушыларының бастан кешкен нәубеттері, заман мен адам ағымындағы қарама-қайшылықтар, билік пен бұқара арасындағы байланыс осы фильмге арқау болған.
Фильмге көрнекті жазушы Дулат Исабеков және ақын Бақыт Беделхандар кеңесші ретінде тартылып, туындының жалпы мазмұны мен көркемдік талаптары сол кісілердің сүзгісінен өткен. Картинада басты рөлдерді Бағдаулет Шаймахан, Жалғас Толғанбай, Наргиз Алтайбай, Ергенбай Абуев, Досжан Жанботаев, Балтабай Сейітмамытов, Кенен Ақүрпеков, Айдар Аманбай және т.б. актерлар сомдайды.
«Епті қыздар»(«Стриптизёрши»/ «Hustlers») [18+]: Дженнифер Лопез ойнаған комедия.
Фильм сюжеті өмірден алынған екен. Оқиғасы элиталы стриптиз-клубтың биші қыздары төңірегінде өрбиді. Оларға келетіндердің көбісі - атақты бизнесмендер. Бір күні банк дағдарысы болып, қыздардың бүкіл жинағы күлге айналады. Құрбылар биржа өкілдерінен өздерінше кек алмақ болады.
«Патшалық» («Царство» / «Kingdom»)[16+]: жапон тарихи боевигі.
Фильм Қытай тарихындағы патшалықтар соғысы дәуіріне арналады. Мемлекеттер қанды қырғын жасап, бір-бірін басып алуды ойлайды. Осындай патшалықтардың бірінде күн сайын екі жетім жаттығып жүреді. Олар ұлы генерал болуды армандайды.
«Polaroid» («Пункт назначения: Смайл»)[16+]: Канада, Норвегия, АҚШ бірігіп түсірген үрейлі триллер.
Картина қарғысы бар фотоаппарат туралы. Берд есімді жас қыздың қолына ескі Polaroid фотоаппараты түседі. Фотоаппараттың қара сиқыры бар екенін ол бастапқыда білмейді. Аппараттың көмегімен жасалған фотосуретке түскен адамдардың бәрін өлім күтіп тұр.
«Қымбатты әке» («Дорогой папа») [12+]: Ресейде түсірілген отбасылық комедия. Басты рөлдердің біріндеВладимир Вдовиченков («Бригада») ойнайды.
Сюжетте Вадим Дюмин есімді кәсіпкер туралы айтылады. Кезінде анасының атына тіркеген компанияға инвестор табылып, сол компанияны өзіне қайтармақ болады. Бірақ анасы компания акцияларын Вадимнің тастанды қызына мұра қылып қалдырып кеткен екен. Басты кейіпкер бұрынғы әйелі мен қызын табу үшін туған ауылына аттанады.
Ал кішкентай көрермендер үшін «Королевские каникулы» («Trouble») және «Птичий дозор» («Manou the Swift») мультфильмдері прокатқа шықты.