Саясат
Жолақысы тұрақты
Тозығы жетіп, есіктері әрең жабылатын Түркістанның ескі автобустары су жаңа көліктермен орын алмастыруда. Қала халқын қоғамдық көліктермен қамтамасыз етіп отырған «Жолаушы» ЖШС-нің көлік саны артты.
Жыл басында көлік қатары 16 автобуспен толықса, бүгінде Қытай елінен әкелінген «Yutong» маркалы тағы 5 автобус қосылып отыр. Қарапайым халықтың діттеген жеріне уақытылы жетуіне бар жағдай жасалған.
Қоғамдық көліктер біркелкі жасыл түспен боялған. Тағы бір ерекшелігі - көліктердің сыртында Түркістан қаласының логотипі белгіленген. Қолданысқа берілген автобустардың ұзындығы - 8,5 метр. Сыйымдылығы - 28 орындық, қосымша 30 адамды міңгізуге қауқарлы.
Сонымен қатар жарнамалық экрандар мен желдеткіштер орнатылған. Пайдаланушыларға аялдама аты арнайы жүйе арқылы хабарланып отырады. Жаңа автобустар №5, №7,№30,№31 бағыттарында жолаушыларды тасымалдауда.
Жыл соңына дейін Қазақстанда жасалған «Сарыарқа АвтоПром» автозауыт базасынан 36 қоғамдық көлік пайдалануға берілмек. Түркістан облысында өзге Қазақстанның қалаларымен салыстырғанда жол жүру ақысы да жүргінші қалтасына ыңғайластырылған. Яғни, бұл дегеніміз - еліміздің бірінші байлығы халық болса, сол халықтың игілігі үшін қолайлы мүмкіндіктердің қолға алынып жатқандығының көрінісі.