Саясат
Экс-әкімнің уәдесі орындалмай қалды
Басшы уәде еткен автобустың тек 30 пайызы ғана келген. Бұл туралы КТК. телеарнасы хабарлайды.
Жаңа автобустар үшінші мегаполиске керек-ақ. Қазір қызмет көрсетіп жатқан көлік компанияларының тым сапасыз екенін билік те талай мәрте мойындаған. Жұртшылық дер кезінде қатынамай, билеттендіруден жұрдай деген шағымдарынан соң жыл басында муниципалды заманауи автопарк жасап, мың автобус әкелетін болған еді. Бірақ бұрынғы әкім қызметінен кеткен соң, оның бастамасы да ысырылып қалды.
Қоғамдық көліктердің қозғалысына тікелей жауап беретін "Шымкент" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бұл жағдайға бейқам отыр. Осыған дейін бұл мекеме ескі автобустарды жаңасына уақтылы ауыстырамыз деп уәде берген-ді. Ол әзірге тек сөз жүзінде қалғандай.
Жергілікті билік қаладағы 27 көлік компаниясының алтауы ғана талапқа сай екенін мойындайды. Тағы 700 автобус қалаға ауадай қажет деген әкімдік, келер жылдан бастап Шымкентте қоғамдық көлік проблемасы болмайды деп сендіреді.
"200 автобусымыз бар, оларды бағдарға шығарамыз. Одан кейін 2020 жылы 700 автобус алдырып жатырмыз. Оларды шығаратын болсақ, жағдайымыз жақсарады. Яғни, кондуктор дұрыс сөйлемейді, билет бермей жатыр, кешкі уақытта жүрмейді деген сөз болмайды. Осы мәселелерді түбегейлі шешу жолдарын қарастырып жатырмыз", - деп түсіндірді Шымкент қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев.