Weekend
Мавзолейде жерленетін болады
Зимбабвенің астанасы Хараре қаласының Ұлттық стадионында елдің бұрынғы президенті Роберт Мугабемен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды svoboda.org.
Рәсімге көптеген Африка мемлекеттерінің, соның ішінде Оңтүстік Африка мен Кенияның басшылары, он мыңдаған зимбабвалықтар қатысты.
Мугабенің денесі жерге берілмейтін болды. Оны таяу айдың ішінде Харарада салынатын арнайы мавзолейге апарып қояды.
Бұрынғы мемлекет басшысының қайда жерленетіні туралы мәселе бойынша елдің үкіметі мен марқұмның отбасы мүшелері арасында қызу пікірталастар жүрген болатын.
Мнангагва және оның партиясы Мугабені азаттық соғысының батырларына арналған ұлттық монументке жерлеуді қалады. Ал туыстары саясаткерлерге президентті құлатқанын еске түсіріп, мәйітті туған ауылына жерлегілері келетіндігін жеткізді.
Мугабе 6 қыркүйекте 95 жасында ауыр науқастан қайтыс болды. Осыдан кейін Зимбабвадағы билеуші партия оған Ұлттық Батыр атағын берді.
Роберт Мугабе 1980 жылы ел тәуелсіздік алған кезде Зимбабвенің премьер-министрі болды. Жеті жылдан кейін ол бұл қызметінен босатылып, өзін президент етіп тағайындады. Мугабе алты рет мемлекет басшысы лауазымына сайланып, 2017 жылдың қарашасындағы төңкерістен кейін отставкаға кетуге мәжбүр болғанша 30 жылдан астам билік етті.