Woman
Орамал таққан қыз жұмыс таба алмай, бизнес бастады
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comҚазір білектің емес, білімнің заманы. Жан-жағыма барлай қарасам, кешегі "мен жастарға сенемін" деген ата-бабаларымыздың үмітін ақтап келе жатқан секілдіміз.
Кішкентайымнан білімге деген талпынысым өте жақсы болды. Мектепті "Алтын белгімен" бітіріп, арман болған Алматымдағы ҚазҰУ қалашығыма оқуға келіп түстім. Бакалаврды аяқтаған соң магистратураға да грант жеңіп алып, шет елде білімімді арттырып та келдім.
Бірақ шашымды жасырып тұрған бір жапырақ орамалым менің осынша жылдар бойы күшімді сарп еткен мамандығым бойынша мемлекеттік жұмыс жасауға кедергі болды. Қаншама университет, колледждерге резюме тапсырып шықтым. Барлығы да таққан орамалыма қарайды да, сізге хабарласамыз деп қағазымды алып қала береді. Бірақ хабарласпайды. Бас кедергінің не екенін білемін, олардың да мені тікелей шектеуге құқықтар жоқ. Бірақ барған жерімнің барлығы менің ұсынысымды осылай жылы жауып қоя берді. Қатарлас құрбыларым да осы мәселеден шығар жол таппай, бірі туған ауылына қайтып кетіп жатса, бірі бірнеше айлап жұмыссыз жүрген кездері болды.
Бірақ мен білім жолында ізденуді тоқтатқан емеспін. Осы мамандықты оқып жүріп түрлі бизнес жобаларды іске асырып көрдім, 6 жыл бойы өз бетіммен білім жинадым. Мына ми қызметінің құдіретіне көзім жетті. Осылай ізденісте жүрген кездерімнің бірінде досым арқылы бір блогердің тікелей эфирін көріп, жастарға арналған керемет мүмкіндік «Жас прожект» жайлы білдім. Құжат тапсыруға соңғы 2 күн қалғанда керек құжаттарды түгендеп, ойымдағы жобамды қағазға түсірдім де, тапсырып үлгердім. Сенесіздер ме, мен мемлекет тарапынан жастарға қолдау ретінде бөлінетін 1 млн теңгелік грантты ұтып алдым. Ұсынар жобамды топшылап отқан боларсыз?..
Менің жобам – жүректен шыққан жоба. Кезінде бар білімімді іске асыра алмай қиналған сәттерім кешегідей көз алдымда және дәл қазір де қаншама қаракөздеріміздің менің күйімді кешіп, шығар жол таппай жүргенін мен білемін.
"Аналарға мүмкіндік" деп аталған жобамның мақсаты – аналарға, мен секілді шарасыз күйде қалған кісілерге мотивация беріп, алған білімі босқа кетпегенін түсіндіру. Жоба аясында біз әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндіктері шектеулі және қазіргі кезде жай ғана қоғамнан шеттеп қалып жатқан орамал таққан аруларымызға өз бизнесінің алғашқы іргесін қалай құру керектігін, қазіргі кезде нарықты билеп тұрған онлайн бизнестің қыр-сырын үйрететін боламын. Нарықта кәсіпкерлік мектептер аз емес, білем. Бірақ әйел адам тренер болатын ашық есік курстары жоқтың қасы. Басым көпшілігі онлайн, оффлайн режимдегілерінің оқытушылары болса, ер адамдар.
Міржақып атамыз айтпақшы "... қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам..."
Қатысушылардың әрбіріне үміт отын жағып беретініме, жүректен шыққан дүние жүрекке жетеріне сенемін...
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61