Саясат

Гүлнәр Кәрімова жоғалып кетті

Қайда екенін ешкім білмейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бұрынғы өзбек президенті Ислам Кәрімовтың қызы Гүлнәр Кәрімоваға қатысты кезекті сот 16 қыркүйекте Ташкент қаласында өткен болатын. Сот біткеннен кейін оны құқық қорғау қызметкерлері алып кеткен еді. Бірақ дәл қайда алып кеткені жұмбақ күйде қалып отыр. Мұны Кәрімованы Швейцариядан жалдаған адвокаты Грегуар Манжа (Gregoire Mangeat) айтып отыр, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы Центр-1 сайтына сілтеме жасап.  

Оның айтуынша, сот залынан алып кеткен Кәрімованың қазір қайда екенін ешкім білмейді. Туыстары да бейхабар. Тіпті, Өзбекстанда жүрген қызы Иман Кәрімова да анасының қайда екенін білмейді.

- Осыдан екі апта бұрын ресми өтініш жазсам да, мені сот отырысына қатыстырмай қойды, - деп жазды Ганжа Твиттерде.

Ал әдетте, Кәрімоваға тағылған жаңа айып түрлерін уақытында хабарлап отыратын Өзбекстанның Бас прокуратурасы да бұл жолы үнсіз отыр.

Жақында ғана, 19 тамыз күні, Өзбекстан прокуратурасы Кәрімоваға жаңа айып таққан болатын. Яғни, мемлекет қаражатын жымқыру, республика мүддесіне қайшы келетін келісімдер жасау және бопсалау жолымен аса ірі көлемде біреудің меншігін иемдену бойынша айыпталған еді.

Алдын ала болжамға қарағанда, бұл жолы да оған бас бостандығынан айыру жазасы беріліп, «жылы» ұзартылуы мүмкін. Алайда қанша жылға қамалды, ол жағы да белгісіз.

Айта кеткен жөн, Гүлнәр Кәрімова 2014 жылы ақпанда ұсталып, содан бері абақтыда жатыр. Үш рет сотталған болатын.

Алғашқы соты 2015 жылы тамызда өтіп, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілсе, 2017 жылы өткен екінші сотта оған тағы 10 жыл берілген еді.

Бірақ 2018 жылы өткен сот біраз ізгілік танытып, жымқырған ақшасын мемлекетке қайтарып беруіне байланысты жаза мерзімін 5 жылға дейін қысқартылған болатын.

Алайда осы жылдың наурызында «мемлекетке ақшаны қайтармай отыр» деген желеумен Бас прокуратура оны қайтадан темір торға қамаған еді.