Bugin
Қазақстанға қайтарылатын болады
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
Қазақстан мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шарт 2018 жылы қазанда елордада жасалды.
ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл шарт қылмыстық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін адамдарды ұстап беру мәселесін шешеді. Шарт бойынша жасалған қылмыс үшін екі елде де кемінде бір жылға бас бостандығынан айыру көзделген болса немесе сотталған адамның өтелмеген мерзімі 6 айдан көп болса ол ұстап беріледі. Әрине, адамды беруден бас тарту негіздері де көзделген. Мысалы, бір тарапта қылмыс деп саналатын әрекет екінші жақта олай болмаса немесе қудалау мерзімі өтіп кетсе, сұралып отырған әрекет әскери қылмысқа жатса, ұстап беру егемендік пен ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін болса, сондай-ақ Қазақстанның заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелерге қайшы келсе.
- Соңғы үш жылда Украина бізге 6 қылмыскерді ұстап берді. Қазір аталған елде жасырынып жүрген 6 адам бар. Оларды қайтару қаралып жатыр. Бүгінде екі ел арасында бұл мәселе Минск конвенциясымен реттелуде. Конвенция екіжақты шарт жасауға тыйым салмайды, - деді М. Ахметжанов.
Оның атап өтуінше, осы тектес құжаттар 21 елмен бекітілген. Жақында Малайзия, Грекия, Кипрмен осындай келісімге қол қою жоспарлануда.