Weekend

Адам есімін таңдамайды: Құпияға толы есімдер туралы не білесіз?

Ерекше есімдердің ерекше мағыналары

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ халқы ежелден-ақ ат қоюға аса көңіл бөлген. Адамға есім қоятын кезде белгілі бір мағыналылыққа жүгінген. Адам есімінің оның өміріне тікелей әсері барына сенген. Мағыналылық азайған бүгінгі заманда мағынасы ерекше, белгілі бір оқиға аясында өмірге келген есімдердерді білу мақсатында арнайы сауалнама жүргізген болатынбыз. Сол сауалнама нәтижесін назарларыңызға ұсынамыз. 

-Есіміңіз қандай мағына береді? 
Қуантай. Есімімнің қуаныш деген мағынада қойылғаны белгілі. Негізі атам менің есімімді Қуаныш деп қоймақшы болған. Бірақ менен алдын Қуаныш деген бала болып, ол 6-7 жасында шетінеп кеткен. Содан  ырымдап 7 жылдан кейін туылған маған Қуантай деп ат қойған. Қуаныш деп қойсақ тағдыры ағамдікіндей бола ма деп қорыққан. Осылай атымды азан шақырып Қуантай деп қойған.
Зейін. Мен туылардан бұрын атам түс көрген. Түсінде бір баланы көкке өзі көтеріп тұрған. Сосын сырттан біреудің «зейінді» болсын  деп айтқаны естілген. Осылайша мені Зейін деп атаған. Бір қызығы, мен ана сүтін татпағанмын. Үйдегілер ешкі алып, мені соның сүтімен өсірген.
Нұржан. Негізі менің есімім Бекнұр болуы керек болған. Үйдегілер азан шақырып, Бекнұр деп қойған да болу керек. Менің туылғаныма қуанып алкоголь қолданған әкем туу туралы куәлікке тіркелуге барған кезде менің есімімді ұмытып қалған. Сосын тіркеуші қыздан қандай есімнің әдемі екенін сұраған. Ол ойланып, «Нұржан» деген. Туу туралы куәлікке есімім Нұржан деп жазылған. Содан бері Нұржан болып жүрген жайым бар.
Бекзатсаттархан. Бекзат Саттарханов Сидней олимпиадасынан жүлдемен оралған кезде анамның маған аяғы ауыр болған. Әкеммен жақсы араласатын Бекзат Саттарханов сол кезде менің ағамның есіміне қызыққан екен. Себебі, оның есімі – Шәмшіқалдаяқ еді. Сонда әкем Бекзатқа ұл болса,  Бекзатсаттархан, ал қыз болса, Бекзада қоямын деп уәде берген екен. Боксшы Бекзат қайтыс болғаннан кейін, әкем уәдесін орындап, менің есімімді Бекзатсаттархан деп өзі қойған.
Әзімбек. Ауған соғысына қатысқан жамбылдық Әзімбек Жанқұлиев деген айтыскер ақын болған. 2000 жылдары сол ақынның дәурені болып тұрған шақта, әкемнің ағасы менің есімімді ақын болсын, сөз шебері болсын деп Әзімбек деп қойған. Қазіргі кезде сол тілектің бір бөлігі орындалып, журналистикада білім алып жатырмын. 
Жұлдызай. Менің анамның есімі – Күннұр. Сол кісінің есіміне байланыстырып, есімімді Жұлдызай деп қойған. 
Мұнар. Менің азан шақырып қойған есімім – Минар. Олай азан шақыратын қасиетті мекенді атаған. Мен мектеп жасында жеке куәлігімді жоғалтып алдым. Келесі жеке куәлігімді жасатуға барған кезде халыққа қызмет көрсету орталығында отырған адам бір әріптен қателесіп, менің атымды Мұнар деп жазып жіберген. Осылайша, мені жаңа достарым Мұнар деп атап кетті. Осы жылы жеке куәлігімді өзгертіп, есімімді жөндеткізу ойымда бар. 
Ақтолқын. Мен қыста, ақпан айында туылғанмын. Мен туған кезде ауа-райы қолайсыз болған. Далада қар жауып, боран соққан. Ауа-райына байланысты анамды перзентханаға апаруға мүлдем мүмкіндік болмаған. Солай мені үйден босандырады. Ол кезде үйде барлығы болады. Сонда менің есімімді атам даладағы толқындай жаны ақ болсын, көңіл-күйі әрдайым тасып, толқып жүрсін, өмірде толыққанды болсын деп Ақтолқын қойған. 
Диана. Менің есімімді Уэльс ханшайымы Диананың құрметіне қойған. Ол өз кезеңінің ең танымал әйелі атанды, британдық хан әулетінің ең әйгілі мүшесі саналды, ханшаның «жүрек ханшайымы» деген атағы да болды. Оның жеткен жетістіктері мен танымалдылығы ұшан теңіз еді. Менің есімді де сол кісідей болсын деп ырымдап қойған екен.
Жайна. Менің есімімді әкем Жайна Сламбек деген журналистің құрметіне қойған екен. Бірақ әкемнің ағасы әкем іс-сапарда кезде менің есімімді азан шақырып, Дария деп қойып тастаған. Әкеме ол ат ұнамағандықтан, туу туралы куәлік алатын кезде есімімді Жайна деп өзгерткен. 
- Жауаптарыңызға рақмет!