Спорт

«Алтай» командасының Кубок ойындарына дайындығы қалай?

Кристина Аниконовамен сұхбат

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Алтай», «Алтай 2» волейбол командалары Қазақстан Кубогі үшін таласқа түсіп жатыр. Спорт додасы 15-21 қыркүйек аралығында өтуде. 21 қыркүйек күні – финал. Барлығы  8 команда. Бәрі  елімізде атышулы мықты командалар. Жеңіс тұғырына кімнің тұратынын уақыт көрсетеді.

Команданы талай жеңіске жетелеген капитан Сана Анарқұловамен қатар иық тіресіп, команда үшін талай тер төккен орталық бұғаттаушы позициясында ойнайтын Кристина Аниконова ойынның қалай өтіп жатқаны жайлы айтып берді.

 Осы турнирден не күтесіз? Басты қарсылас «Жетісу» командасы туралы не айтасыз?

 Ойыннан күтеріміз – жеңіс үшін талас болары анық. «Жетісу» командасы мықты, жеңісті оңайлықпен бере қоймас. Жалпы, кез келген команда оңайлықпен бірде-бір ұпайды, жеңісті бермейді. Оның үстіне, біз - соңғы төрт жыл қатарынан чемпион атанып келе жатқан командамыз. Барлығы бізді жеңуге тырысады. Тіпті соңғы орындардағы, аутсайдер командалардың өзі жеңіске ұмтылады.

 «Жетісу» сияқты қарсылас «Алтайдың» Суперкубокке дайындығын күшейтіп қана қоймай мүмкіндігін бағалауға себепші болмақ. Бұл туралы не айтасыз?

 ҚР Кубогінің турнирі – жаңа маусымның бастамасы. Негізі командада бір-бірімізді жақсы білеміз. Дегенмен, жаңадан қосылған ойыншылар, өзгергендер бар, команда ойын тактикасын өзгертіп жатады. Сондықтан жаңа өзгерістерді сезіну үшін әр қарсылас команда біз үшін жаңа мүмкіндіктерді ашудағы негізгі қозғаушы күштердің бірі деп білемін. Біз өзімізді одан ары жетілдіруіміз тиіс. Ойында ағаттық жіберген тұстарымызды жаттығу кезінде жоюға тырысамыз.

 Қарсылас командаларда қандай мықты ойыншыларды білесіз?

 Біз қарсылас командалардағы барлық ойыншыларды білеміз. Кәсіби этика деген болады. Әр ойыншыға құрметпен қараймыз. Жалпы әр ойыншы өзін мықтымын деп санайды.

 Көптеген ойыншылар құрамада өзін көрсетіп, алға шығуға тырысып жатады. Осындай фактордан команда құрамында бәсекелестік бар ма?

 Біздің арамызда бәсекелестік деген жоқ. Біз - командамыз. Мақсатымыз - ортақ. Бапкер негізгі құраманы ойын алаңына шығарғанда, кейде кейбір ойыншылар жақсы ойын көрсете алмай жатады. Ондай сәтсіз сәттер болып тұрады. Сол кезде алаңға ойыншыны ауыстыратын басқа ойыншы шығып, жақсы ойын көрсетіп көмектеседі.

 Легионерлер қаншалықты өздерін көрсете алуда? Жергілікті ойыншылармен достық қарым-қатынас орната алды ма?

 Легионерлер қыздар келе салысымен достық қарым-қатынас орната алды. Даница Раденкович – байланыстырушы позициясында, Ребекка Перри – шабуылшы позициясында ойнайды. Командамен бірге екендерін көрсетіп, жеңіске жетуге өз үлестерін қосып, шамалары келгенше тырысып бағуда. Олардан үйренетін тұстарымыз да бар. Жаңа ойыншылармен алаңда ғана емес жай күндері де кездесіп араласамыз.

 Алдағы матчқа қандай болжамыңыз бар?

 Әр команда осы Кубокты жеңіп алу үшін алаңға шығып, бағын сынауда. Біз қолымыздан келгенше тырысып бағудамыз. Бәрі уақыттың еншісінде.

 Жаңа бапкер Лука Кьяппини туралы бірер сөз...

 Бапкер мен команда арасында ешқандай қиындық жоқ. Ортақ тіл тауып, жұмыс істесіп кеттік. Жаңа бапкермен жаңа әрі қызықты дүниелерді танып білудеміз.

Естеріңізге сала кетейік, Кристина Аниконова - Өскемен қаласындағы жергілікті волейбол мектебінен шыққан шәкірт. «Алтай» волейбол клубында 2015 жылдан бастап ойнап келеді.