Саясат
Преступления Сталина: как уничтожали национальную элиту
Журналист-диссидент Жанболат Мамайдың жаңа деректі фильмінің премьерасы болмай қалуы ықтимал.
Жанболат мамайдың жеті ай бойы түсірген жаңа туындысы "Преступления Сталина: как уничтожали национальную элиту" деп аталады.
«Алматыдағы "Цезарь" кинотеатрымен келіссөз жүргізіп, "Преступления Сталина: как уничтожали национальную элиту" атты деректі фильмімізді 25 қыркүйек күні көрсетеміз деп жоспарлағанбыз. Бүгін таңда аяқ астынан кинотеатр маған хабарласып, белгісіз себептермен киноңызды көрсете алмаймыз, оның орынына жапондық басқа фильмді көрсетеміз дейді. Кинотеатр 300 көрерменге арналған, ал бұл фильмге 1500-2000 көрермен жиналатын еді. Кинотеатрдың көрсетуден бас тартуының басты себебі - біздің билікте әлі күнге коммунист адамдар отыр. Олар елді ойламай, әлі күнге Сталиндік жүйенің құрбаны екенін мойындағысы келмейді», - дейді Мамай.
2019 жылдың 30 қаңтар күні Жанболат Мамайдың алғашқы деректі туындысы «Зұлматтың» көрсетілімі болған еді. Сол кезде «Арман» кинотеатрында аншлаг болған еді. 2017 жылы Алматыдағы Медеу аудандық №2 сотының судьясы Дәурен МӘУКЕЕВ әріптесімізді «қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастыруға қатысты» деген айып тағып, «Трибуна. Саяси қалам» деген басылымы жабылған. Сондай-ақ, сот бас бостандығын үш жылға шектеп, дүние-мүлкін тәркілеуді бұйырып және үш жылға журналисттік қызметпен айналысуға тыйым салған. Содан бері Жанболат сталиндік жылдар жайлы деректі фильм түсірумен айналысып жүр.
«Мен білсем, Қазақстандағы кез-келген кинотеатр бұл фильмді көрсетуден бас тартады. Бір-ақ себеп, билік коммунистерге толы. Дегенмен, жастардың көзі ашық. Олар бар ақиқатты түсінеді, сондықтан бұл фильм жерде қалмайды деп ойлаймыз. Көп адам маған, "Цезарь" кинотеатрына хабарласып, фильмді сұратып жатыр. Мен көкірегі ояу көрерменге сенім артамын!», - деді Мамай.