Саясат
Ресейдің дінаралық кеңесі Қазақстанға зор құрметпен қарайды
Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XVIII отырысы аясында Қазақстанның сенат төрағасы, съезд хатшылығының басшысы Дариға Назарбаева орыс православ шіркеуі Мәскеу патриархатының сыртқы шіркеу байланыс бөлімінің дінаралық байланыс хатшысы Димитрий Сафоновпен кездесті.
Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Дариға Назарбаева съезд хатшылығының жұмысына белсенді қатысқаны және көп жылдан бері қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін дін қызметшісіне алғыс айтты.
Димитрий Сафонов өз кезегінде Қазақстанға православ тұрғындарды қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.
"Ресейдің дінаралық кеңесі Қазақстанға зор құрметпен қарайды, диалог алаңының барлық ұсынысын қолдап келеді және бұдан былайғы ынтымақтастыққа үміт артады", - деп атап өтті Сафонов.
Атап өтсек, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Қазақстанда 16 жыл бойы өтіп келеді.