Спорт

Әлем чемпионаты-2019: Жұлдызды қарсыластар

Екатеринбург қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатының жартылай финалында өнер көрсететін 6 бірдей жерлесіміздің финалға шығу мүмкіндігі қаншалықты?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жартылай финал

52 келіге дейін. Сәкен Бибосынов — (2) Амит Пангал (Үндістан)

Жарыстың 2-ші нөмірлі үнділік спортшысы отандық боксшыларымызға жақсы таныс. Амит 2019 жылдың ақпанында Болгариятөрінде жерлесіміз Теміртас Жүсіповты финалда тізе бүктірсе, шілде айында Нұр-Сұлтан қаласында Президент кубогы үшін бәсекенің ширек финалында Олжас Байниязовқа жол берген. Одан бөлек, ол 2018 жылы Азия ойындарының жеңімпазы, 2017 жылы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2019 жылы Азия чемпионатының алтынын иеленген. Ал 2017 жылы Әлем чемпионатының ширек финалында өзбектердің жарық жұлдызы Хасанбой Дусматовтан ширек финалда жеңілді.

69 келіге дейін. Абылайхан Жүсіпов — Андрей Замковой (Ресей)

32 жасар орыс ардагері Андрей Замковойдақазаққажат емес. Дәл осы Андрей 2012 жылы Лондон Олимпиадасының жартылай финалында Серік Сапиевтен ұтылған. 2009 жылы Миланда өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Осы жолы қалайда өз жерінде алтын алуды көздейді.

75 келіге дейін. Тұрсынбай Құлахмет — Феликс Емир Марсиал (Филиппин)

Отандасымыздың келесі қарсыласы Марсиалдың 2011 жылы Астанада жастар арасында өткен Әлем чемпионатында алтын, 2013 жылы жастар арасында жеңімпаз, 2015 жылы Азия чемпионатының финалында Данияр Елеусіновтен ұтылған. 2018 жылы Азия ойындарының қола жүлдегері. Осы чемпионат барысында басты фавориттердің бірі марокколық Тарик Алалиды тізе бүктірді.

81 келіге дейін. Бекзат Нұрдәулетов — Хулио Ла Крус (Куба)

Жарыс басталмай жатып, жеңімпаз деген атқа ие Ла Крус әр қатысқан жарысында алтын иеленбей қайтқан емес. 2011, 2013, 2015, 2017 жылы өткен Әлем чемпионатында топ жарып қана қоймай, отандасымыз Әділбек Ниязымбетовты 2 рет финалда сүріндірген. Бірі 2013 жылы Алматыдағы Әлем чемпионатының финалында, ал екіншісі 2016 жылы Рио Олимпиадасының финалында басым түсті. Әзірге куба қабыланын тоқтататын азулы қарсылас табылмай тұр.

91 келіге дейін. Василий Левит — Кастилло Торрес (Эквадор)

Левиттың қарсыласы Кастилло Торрестың айтарлықтай жүлдесі жоқ. 2012, 2016 жылғы Олимпиаданың қатысушысы деген атағы болмаса, жартылай финалға шығуының өзі үлкен ерлікпен пара-пар.

91 келіден жоғары. Қамшыбек Қоңқабаев — Джастис Хуни (Аустралия)

20 жасар боксшының Әлем чемпионатының жартылай финалына шығуы үлкен жетістік. Ол бұған дейін 2016 жылы жастар арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпазы атанған. Жастығына қарамай, 2017 жылы кәрі құрлықтың жарыстарында топ жарып, азулы қарсыластардың біріне саналады.

Жартылай финалдың жекпе-жектері жұма күні жалғасады.

Айта кетейік, осыдан 2 жыл бұрын Германияның Гамбург қаласында өткен Әлем чемпионатында да 6 спортшымыз жартылай финалға шыққан еді. Нәтижесінде 1 алтын, 2 күміс, 3 қоланы иеленді.