Саясат
Қазақстан - әлемге үлгі
19 қыркүйек күні Токио қаласындағы БҰҰ Университетінде (Жапония) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының көшпелі ғылыми-экспозициялық жобасы аясында «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» атты халықаралық конференция өтті. Конференция Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем қалыптастыру жолындағы қозғалысты дамытудағы қызметіне арналған.
Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем қалыптастыру жолындағы қозғалысты дамытудағы үлесін, сондай-ақ Қазақстан мен Жапонияның ядролық сынақтарға тыйым салудағы табысты өзара қарым-қатынасын атап өтті.
«Ағымдағы жылдың 29 тамызында ядролық қаруға алғаш рет заңдық тұрғыдан тыйым салатын тарихи Келісімнің күшіне енуіне алғы қадам ретінде Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялағаны жөнінде ресми құжатын Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығына тапсырды. Шартты ратификациялау біздің ядролық қарусыздану мен таратпаудағы жұмыстарымызды одан әрі белсенді түрде жалғастыруымызға моральдық құқық береді» - деді Е. Баударбек-Кожатаев.
БҰҰ Бас хатшысының бұрыңғы орынбасары Ясуси Акаси құттықтау сөзінде әлемдік қауымдастықты ядролық қарудың дүние жүзіне келтірер зардап-салдарлары туралы ақпараттандыру жолындағы Жапония мен Қазақстанның жігерін жоғары бағалады.
«Ядролық қаруды жою маңызды мәселе болғандықтан бізге батыл іс-әрекеттерді қабылдауды талап етеді. Біз ядролық қаруға, оны тасымалдауға және сақтауға тыйым салуымыз керек. Ядролық қарусыздануға қатысты саясаттың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Қазақстан ғана емес, Орталық Азияның басқа елдерінің де ядролық қарудан азат аймақ болуы үшін Жапония Біріккен Ұлттар Ұйымына ядролық қаруды таратпау туралы ұсынысын енгізді», - деді Я.Акаси.
Өз кезегінде Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов конференция қорытындысы ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісіне қомақты үлес қосатынына сенімін білдірді.
«Жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке жаңа сын-қатер төніп тұрған заманда жаппай қырып-жоюдың басты құралына айналған ядролық қару мен басқа да қару түрлерінің адамзатқа төніп тұрған ең басты қауіп екені анық.
Залалы мол теріс үрдістерді жою үшін әлемдік саясат ортақ мүддені қолдауы тиіс. Бұл істің орындалуында Қазақстан мен Жапония ынтымақтастығының маңыздылығы зор. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ыдыраған атом әлем бірлігін ыдыратпауы тиіс. Оған жол бермеуде әрқайсымыз бірдей жауаптымыз», - деген болатын. Жер бетіндегі елдердің ұлттық қауіпсіздігін ядролық қарусыз-ақ қамтамасыз етуге болады. Оның басты кілті мемлекеттердің тұтастығы мен мүдделердің ынтымақтастығы екеніне Қазақстан кәміл сенеді», - деді Ә.Рахымжанов.
«АТОМ» Жобасының Құрметті Елшісі Кәріпбек Күйіков конференция аясында жапон қоғамдастығына антиядролық тақырыпқа арналған көркемөнер туындыларын ұсынды.
Ол өз сөзінде Елбасының ядролық қарусыз әлем қалыптастыру жолындағы үлесін, сондай-ақ Қазақстанның ядролық қару арсеналынан өз еркімен бас тартқан әлемдегі бірінші, әрі осы уақытқа дейін жалғыз мемлекет екеніне ерекше назар аударды.
Токиодағы Нагасаки Өкілдігінің басшысы Хисато Мицутаке Нагасаки қаласының мэрі Томихиса Тауэнің үндеуін оқып берді. Үндеуде іс-шара ұйымдастырушыларына ядролық қаруды жою мен әлемде бейбітшілікті нығайту ісіндегі жігерлері үшін алғыс айтылған.
«Өз тарихында осыншама сынақтан өткен Нагасаки, шын жүректен мынаны тілейді: Нагасаки Жер жүзіндегі атом бомбасы жарылған ең соңғы қала болмақ. Әлемде әлі күнге дейін 14 мыңға жуық ядролық жарылғыштар бар, ядролық қару бойынша халықаралық жағдай әлі түбегейлі шешілмеген. Азаматтық қоғам дәл қазір топтасып, ядролық қарусыз әлем қалыптастыруға үндеу жариялауы керек» - деп, оқыды Х.Мицутаке.
Гои бейбітшілік қорының президенті Хироо Сайонджи өз сөзінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 2016 жылғы «Ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосқан үлесі үшін» бейбітшілік мәдениеті арнаулы сыйлығына ие болғанын атап өтті.
Қазақстан мен Жапония ядролық қарудан зардап шекті. Біздің міндетіміз – болашақ ұрпаққа осы қасіреттің болғанын жеткізу. Біздің, Жапония мен Қазақстанның ортақ миссиясы осы. Бұл істің бастауы - әлем халқының ойын өзгертіп, ортақ жігерімізді ядролық қарудан азат әлемді құруға бағыттау», - деді, пікірін білдірген Х.Сайонджи.
Конференциядан кейін болған қабылдауда сөз алған Қазақстанмен достық жапондық Парламенттік лиганың төрағасы Такэо Кавамура Жапония мен Қазақстан арасындағы ядролық қаруды таратпау саласындағы қарым-қатынастың ерекше маңыздылығын атап, екі елдің осындай ұстанымы әлемдегі теңдессіз үлгі екендігін айтты.
Конференция қатысушыларына Елбасы кітапханасының ғылыми-экспозициялық жобасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені дайындаған фильм ұсынылды. Фильм жоба тақырыбының өзіндік алғы сөзі іспетті болды.
Конференцияға қатысқан 300-дей адам ядролық мемлекеттер көшбасшыларына заңды түрде ядролық сынақтарға тыйым салатын және Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін қамтамасыз етуге шақырған «АТОМ» Жобасының петициясына қол қойды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесі мен Қорының қолдауымен Елбасы кітапханасымен бірлесе Қазақстанның Жапониядағы Елшілігі және Гои бейбітшілік қоры ұйымдастырды.