Спорт
Өзбектерде үш алтын...
Бокс жанкүйерлерін асыға күттірген Әлем чемпионаты да өз мәресіне жетті. 2 аптаға созылған тартысты жекпе-жектердің нәтижесі еліміздегі біраз спорт сүйерлерді таңғалдырды десем өтірік болмас. Себебі чемпионат басталмай жатып, бірі «қазақтың салмағында» өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов, бірі Василий Левит алтын алады деп жорамалдық танытқан. Ал 81 салмақта топ жарған Бекзат Нұрдәулетов негізгі құрамдағы Бек Нұрдаулеттің орнына барғандығын ескерсек, көпшілік одан алтын күтті деп айта алмас едім.
Екі жылда бір рет өтетін Әлем чемпионаты биыл Ресейдің бағына бұйырды. Айтулы дода Токиода өтетін Олимпиадаға жолдама бермесе де, қатысушылардың саны бойынша рекорд орнатты. Салыстырмалы түрде 2017 жылы Гамбургтегі Әлем чемпионатына 85 елден 279 спортшы қатысса, биыл 78 мемлекеттен 365 боксшы бағын сынады! Сонымен тарихқа айналған бокс кеші қандай ерекшеліктерімен есте қалды?
- Әлем чемпионаты Олимпиадаға жолдама бермеді.Халықаралық Олимпиада Комитеті мен AIBA-ның қақтығысы кесірінен Рио жолдамасы сарапқа салынбады.
- Ресей алтын алудан рекорд қойды. 2 жыл бұрын Гамбургте Ресей 1 күміс пен 1 қоланы місе тұтып еді. Осы жолы 3 алтын мен 1 қола еншілеп, жалпы командалық есепте 2-ші орыннан көрінді. Бұған дейін олардың ең жақсы нәтижелері 2 алтынмен 2007 жылы тіркелген. Алайда 2020 жылы Олимпиадада алтын алуы екіталай.
- Куба 1 алтынмен ғана шектелді. Егер осы жарыста жолдама сарапқа салынғанда Куба бұдан да жақсы нәтиже көрсетер ме еді... Себебі, 2015 жылы Катардағы Әлем чемпионатында Рио жолдамасы сарапқа салынғанда, Куба 4 алтын 2 күмісті иеленген.
2015 жыл |
Куба |
4 алтын |
2017 жыл |
Куба |
5 алтын |
2019 жыл |
Куба |
1 алтын |
- Украина қатысудан бас тартты.Жарыс еш үміт сыйламайтындықтан, Украина құрамасының негізгі құрамы жарысқа қатысудан бас тартып, лицензиялық турнирге дайындалатынын хабарлады. Салдарынан Ресейге 2 жыл бұрын финалда 75 салмақта Әбілхан Аманқұлды ұтқан Владимир Хижняк сынды мықтылар келмеді.
- Төрешілер әділетсіздігі.Ширек финалда аса ауыр салмақта ресейлік боксшы Максим Бабанинге жеңісті қайта алып беруі, отандасымыз Василий Левиттың даулы жеңілісі кесірінен, Қазақстан бокс федерациясы AIBA-ға өз шағымын білдірді.
- Кәсіпқой боксшылардың жүлде алуы.2016 жылы Рио Олимпиадасы қарсаңында AIBA кәсіпқой боксшыларға әуесқой бокстың жарысына қатысуға рұқсат берген еді. Алайда Рио жерінде атақты француз Хассан Н’дам Н’жикам алғашқы жекпе-жегінде нокаутпен жеңіліп, еш жүлде алмаған болатын. Осы жолы 52 салмақта француз Билал Беннама 3 орын, Өзбекстан сапынан Шахобиддин Зоиров алтын, аса ауыр салмақта Баходир Жалолов алтын алды. Тіпті WBC президенті Маурисио Сулеймани Баходирдың америкалық боксшыны нокаутқа жібергенін айыптап, кәсіпқой боксшылардың жарысқа қатысуларына наразылығын білдірді.
- Өзбектер қарқынын арттырды. AIBA-ның экс басшысы Гафур Рахимовтың арқасында өзбектер алтынды талауда деушілердің пікірі жоққа шықты.
2015 жыл |
Өзбекстан |
0 алтын |
2017 жыл |
Өзбекстан |
1 алтын |
2019 жыл |
Өзбекстан |
3 алтын |
- Қазақстан тағы да 1 алтын. 2013 жылы Алматы қаласында өткен Әлем чемпионатында 4 алтын алған жерлестеріміз одан кейінгі сәттерде 1 алтыннан ары асыра алмай келеді. Бір қызығы 2 жыл бұрын Гамбургте қола алған Василий Левит пен Абылайхан Жүсіпов осы жолы да 3-орын, күміс алған Қамшыбек Қоңқабаев тағы да 2-орын алды.
- Қазаққа демалыс жақпады. 63 салмақта өнер көрсеткен Закир Сафиуллин 2 айналымда канадалық қарсыласы Томас Блуменфельд, жартылай финалда аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаевтың қарсыласы аустралиялық Хуни Юстис рингке шықпағанына қарамастан, келесі жекпе-жектерінде жеңіліске ұшырады.
- Қызықты факт: 2009 жылы Миландағы Әлем чемпионатының жартылай финалында 22 жастағы Андрей Замковой Серік Сапиевті жеңсе, 2019 жылы 22 жастағы Абылай Жүсіповтен басым түсті.
Әлем чемпионатындағы нәтижелеріміз:
1993 жыл: 1 қола, 15-орын
1995 жыл: 1 күміс, 1 қола.9-орын
1997 жыл: 1 күміс, 1 қола 8-орын.
1999 жыл: 1 алтын, 1 күміс, 1 қола. 5-орын.
2001 жыл: 1 күміс. 11-орын.
2003 жыл: 2 алтын. 3-орын.
2005 жыл: 2 алтын. 3 қола, 3-орын.
2007 жыл: 1 алтын. 2 қола, 5-орын.
2009 жыл: 1 қола. 14-орын.
2011 жыл: 2 күміс, 2 қола. 7-орын.
2013 жыл: 4 алтын, 2 күміс, 2 қола. 1-орын.
2015 жыл: 2 күміс. 8-орын.
2017 жыл: 1 алтын, 2 күміс, 3 қола. 3-орын.