Weekend

СДУ-денттер әлемінде

Media Literacy Week

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Қытайға барып болса да білім іздеңдер» демекші, «Қасқелеңде болса да біліп көрейік» деген ниетпен 19-21 қыркүйек аралығында Сүлеймен Демирел университетіндегі Сду Журналистика мектебі ұйымдастырған «Media Literacy Week» тренингіне Т.Қ.Жүргенов Өнер Академиясының студенттері қатыстық.

Енді мен өзімнің алған әсеріммен, түйгеніммен бөліскім келеді. Үш күн бойы танымал спикерлер мен азаматтық қоғам белсенділері, Сду Журналистика мектебінің аға оқытушылары лекциялар, шеберлік сабақтарын және практикалар өткізді. Оның ішінде ақпаратты визуализациялау, фейк-ньюс, манипуляция, фото-видеоның шынайылығын тексеру жолдары ашып айтылды. Алғашқы күні Мадияр Саудбаев ағайдың таныстыруынан кейін медиасауаттылық маңызына Оразай Қыдырбаев тоқталды. 

Ақпараттық технологиялар дамыған заманда медиасауатты болу тек журналистерге емес, жалпы адамзат үшін маңызды деген ой түйдім. Бұл провокаторлардың арбауына түспей, саналы түрде өзіңе қажетті ақпаратты ала білудің қарапайым жолы. Келесі болып тізгінді «Жас Алаш» газетінің журналисті Елнұр Алимова жалғастырды. Ол адам миы ақпараттың 70%-ын көру арқылы қабылдайтынына тоқталып, визуализациялаудың маңыздылығын түсіндірді. 

Кейін factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан Смаков мырза ашық дереккөздерден мәлімет алу және оның фактчекинге тексеру жолдарын практикалық түрде үйретті. Осындай толқынмен екінші күні Бэлла Орынбетова фейк ньюс жайында, Тұрар Қазанғапов фоторепортаж құрылымына, Аян Ғиззат фото мен видеоның шынайылығын тексеру жолдарын үйретті. 

Форумның соңғы күні Молдияр Ергебеков framing және манипуляция жайында сөз қозғады. Ағайдың эмоцияналдылығы мен тақырыпты барынша қарапайым әрі жеңіл түсіндіруінің арқасында 2 сағат лекцияның қалай өткенін білмей де қалдық. Біліктілік деген осы болар...  

Сду өзінің атмосферасымен бірден баурап алды. Ұстаздары - жай ғана білікті маман емес, өз жұмысына ғашық жандар. Қонақжайлылықтары енді тағы бір постты талап етеді. Дәмді кофе брейктері ше, ммм...

Студенттерінің қойған сұрақтары, пікірталастағы өз ойын еркін әрі айқын жеткізуі олардың сауаттылық деңгейін айқындап тұрғандай. Бір-бірімен үйлесім тапқан әлем. Қызыға да қызғана да қарайтын орта. Қаскелеңге кірер жердегі Сду баннерінде «Біздің білімгерлеріміз болашақ лидерлер» деген жазуды көресіз. Расымен, бұл білім ордасы бәсекеге қабілетті жастарды дайындап жатыр. Өзімді СДУдент сезінуге мүмкіндік беріп, бұл кездесуді ұйымдастырған жандарға алғыс білдіремін. 

Тренингтен тек сертификат емес, ақпарат саласында азығым болар білім арқалап қайттым десем артық болмас. Қайтарда «эх, Сдуға түсуім керек еді» деген сезімде болды, бірақ ол жайында кейінірек...