Саясат
Шығыс Қазақстанға келген Үкімет делегаттарының жұмыс сапары ұлы ақынның туған жері Абай ауданында жалғасты
Вице-Премьер Бердібек Сапарбаев бастаған топ, ШҚО әкімі Даниал Ахметов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қарауылға арнайы барып, ұлы ақынның ұрпақтарымен, аудан ақсақалдарымен кездесті. Жидебайда орналасқан Абайдың мұражай-үйін, мемориал-кешенде атқарылып жатқан жұмыстың барысын саралап, 175 жылдық мерейтойға орай жоспарланған іс-шаралар ауқымы мен орындалу барысын талқылады.
Абайдың мұрасы - елдің басты рухани қазынасы. «Дүбірлі тойдың басты мақсаты ат шаптырып, киіз тігу емес, ұрпақтың санасына ақынның мұрасын сіңіру, мән-мағынасын жеткізу керек» деген Бердібек Сапарбаев тарихта қалатын тағылымды істерді жасау қажеттілігін баса айтты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, дара ақынымыз Абай Құнанбайұлының туған жері әлемнің әр түкпірінен келетін азаматтарды қарсы алуға сақадай сай болуы керек. Ірі туристік орталыққа айналуы тиіс. Қазіргі таңда облыс басшылығы тарапынан жоспарды жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстар басталып кетті. Бұл мерейтойдың мағынасын алар болсақ, ұрпаққа берер өнегесі мол. Сондықтан тарихи маңызды шараларға басымдық бере отырып, салиқалы деңгейде өткізуге тиіспіз, – деді Сапарбаев.
Осы ретте айта кету керек, келер жылы Ақшоқыда орналасқан әулет қорымының қасынан Құнанбай Өскенбайұлына арналған музей салынады. Ондағы мақсат - тарихтағы Құнанбайдың шынайы образын ашу, Абайдың тұлға болып қалыптасу жолындағы рөлінің маңыздылығын жеткізу.
Жалпы мерейтойға орай ШҚО-да халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі жалпы саны 330-астам ауқымды іс-шаралар жоспары бекітілген. Оларды жүзеге асыруға 880 млн. теңге жұмсалады. Мерейтойға орай аудан орталығында жаңа білім шаңырағы бой көтереді. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің айтуынша, ауыз су мәселесі, ауданаралық жолдарды жөндеу, Абай елінің әл-аухатын арттыруға бағытталған басқа да жұмыстарға 4 млрд. жуық қаражат бөлінеді.
Сапар аясында делегаттар, сондай-ақ, Кеңгірбай би ауылының халқымен кездесіп, тұрмыс-тынысымен танысты. Қарауылдағы аурухананы аралап, қызметкерлерімен жүздесті. Айта кету керек, жыл басынан бері аталмыш ауруханаға 4 жас маман тартылып, үй-жаймен қамтылған.