Саясат

Рохани: Әскери ұшақтар мен бомбаларды жібере бермеңдер

Парсы шығанағына бейбітшілік керек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Иран президенті Хасан Рохани Парсы шығанағы аймағын қару-жарақпен тұншықтырмауды ескертті және Ормуз бұғазы арқылы жүк тасымалын қамтамасыз ету жоспарын жариялауға уәде берді, деп хабарлайды "RT.COM" ақпараттық сайты. Рохани Таяу Шығыста «қару жарысын» болдырмауды ескертті.

- Осы аймаққа әскери ұшақтарын, бомбаларды және басқа да қауіпті қару-жарақтарды әкелмеңдер. Ислам республикалары ешкімнің өз шекараларын бұзуына жол бермейді, - деді.

Тегеран шенеуніктері АҚШ-ты Иранның сулы аймақтарына әскери кемелер орналастырып, Иракқа үстеме әскер жіберіп, шиеленісті ушықтырды деп айыптады. Өткен аптада Вашингтон  Иранды Сауд Арабиясының мұнай өңдеу зауытына зымыран шабуыл жасады деп айыптап, Пентагон Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерін нығайту үшін қосымша әскер шығаруды мақұлдаған болатын. Йемен Хуси бүлікшілері шабуыл  жауапкершілігін өз мойнына алды, ал Тегеран бұл әрекетке қатысы барын жоққа шығарды.

Рохани Парсы шығанағындағы басқа аймақтағы елдер де қатыса алатын қауіпсіздік жоспарын жариялауға уәде берді. Жоспар Ормуз бұғазы арқылы өтетін жүк тасымалын бейбітшілік және қауіпсіздікпен қамтамасыз етеді, бұл бұғаз Парсы шығанағын Оман шығанағы мен Үнді мұхитымен байланыстырады.

Соңғы бірнеше айда мұнай танкерлеріне қатысты апатқа байланысты су жолдары қызу талқыға айналған еді.

 - Біздің көршілеріміздің барлығына қол ұсынуға дайынбыз, - деді Иран президенті әрі өзінің жоспарын Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясында ұсынуға уәде берді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео бұған дейін Вашингтон Иранмен дағдарысты «бейбіт жолмен» шешуге бағытталған коалиция құруға жұмыс істеп жатқанын айтқан болатын. Тегеран мұның масқара екенін айтты әрі Парсы шығанағы қауіпсіздігін сыртқы күштер емес, осы аймақтағы елдер ғана сақтай алады деп баса айтты.