Саясат
Серікбай Трұмов Нұрдәулетовке Президенттің құттықтауын жеткізді
Облыс әкімдігінде чемпионды қабылдаған өңір басшысы ел үмітін ақтаған Бекзатқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын жеткізіп, пәтер кілтін табыстады.
«Әрі қарай шыңдала бер. Жеңісті сәттер көп болсын! Сондықтан Ақтаудың төрінен пәтер сыйлаймыз. Осындай жетістікке жеткізген бапкерлерінің еңбегі зор», - деді Серікбай Трұмов.
Бапкерлерін ерекше атаған аймақ басшысы оларға да қаржылай марапат сыйлады. Бекзаттың жас кезіндегі бапкері Батырбек Жайлыбаевқа 3 млн теңге, Марат Жәкиевке 5 млн теңге берілді.
Еске сала кетсек, Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен бокстан Әлем чемпионатында 81 келі салмақта Бекзат Нұрдәулетов әлем чемпионы атанды. Қазақстандық финалда өзбекстандық боксшы Дилшодбек Рузметовпен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен 5:0 есебін жеңіске жетті. Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін түнде Ақтау әуежайына облыс әкімі Серікбай Трұмов бастаған 100-ден астам маңғыстаулық жиналып, бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовті күтіп алды. Сондай-ақ Бекзат Нұрдәулетовті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.