Саясат
Қытай - бейбіт халық
Елордада өтіп жатқан Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесінде сөз сөйлеген қытай өкілі Ли Чжаньшу басқа елдердің құқығы мен мүддесін таптамайтынын, әсіресе, көрші елдің мүддесімен санасуға әзір екендігін жеткізді.
- Қытайдың дамуы – бейбітшілік жолы. Біз басқа елдерді құрметтейміз әрі олармен тең дәрежеде қарым-қатынас орнатуға тырысамыз. Тәуелсіздік құрметтеуге тұрарлық ұғым, сондықтан кез келген мемлекет, кедей не бай болсын, үлкен не кіші болсын, бәрібір құрметке лайық. Қытай халқы – әділ әрі адал ниетті халық. Сондықтан Қытай өз мүддесін ойлау жолында өзге елдің, әсіресе, көрші елдің құқығы мен мүддесіне қайшы әрекет етуден аулақ, - деді Ли Чжаньшу.
Баяндама барысында қытай өкілі Еуразия елдерінің бір-бірімен жақындасып, мәдениетін игеруге ұмтылғаны жөн екендігін алға тартты.
- Мәдениет – сарқылмайтын байлық. Оны таныту қажет. Сондықтан Еуразия кеңістігінде елдердің мәдениет, білім беру, туризм мен спорт, БАҚ пен жастар саласында бірігіп, бірге жұмыс істегені абзал. Сонда халықтар бір-бірімен жақындасып, бір-бірін терең түсінуге жол ашылар еді, - дейді комитет төрағасы.