Саясат
Трамп Зеленскиймен жүргізген келіссөздердің жазбасын шығаруға келісімін берді
20 қыркүйекте америкалық барлау офицерлерінің бірі Трамптың Украина президентімен сөйлесуіне «алаңдаушылық білдірді» деп жарияланған болатын. Бұл туралы lenta.ru хабарлайды.
Кейін америкалық БАҚ дереккөздерінің нақтылауынша, Америкалық жетекші егер Зеленский оған 2020 жылы алдағы президенттік сайлаудағы басты қарсыласы Джозеф Байденге қатысты қарсы айыптауларды жинауға көмектессе ғана, Украинаға 250 миллион доллар жібереміз деп уәде беріпті-мыс.
2016 жылы Байден Барак Обаманың вице-президенті болған кезінде ол Украинамен байланыс үшін жауапты болды және оған сыбайлас жемқорлықпен күресуге көмектесті. Сол кездегі оның қалауларының бірі – Украинаның газ кен орындарын игеріп жатқан Burisma Holdings компаниясының қызметіне байланысты тергеу жүргізіп жатқан Украинаның Бас прокуроры Виктор Шокинді жұмыстан шығару еді.
2016 жылы Байден Киевке сапары кезінде «не Шокин жұмыстан босатылады, не Украинаға миллиард доллар ақшамен көмек көрсетілмейді» деген ультиматум қояды. Оның талабы орындалды. Сонымен бірге, Байденнің ұлы Хантер сол кезде Burisma Holdings директорлар кеңесінің мүшесі болған еді. Алайда кейінгі қосымша тергеу компания басшылығының қылмыстық әрекетін анықтаған жоқ.
Трамп Байденнің талабының нақты себебі Украинаға сыбайлас жемқорлықпен күресуге көмектесу емес, оның ұлының жосықсыз әрекеттерін жасыру екендігін жеткізді. Ол ашық түрде «Джо Байден мен оның баласы жемқор» деп мәлімдеді. Трамптың өзі Зеленскиймен жүргізген келіссөздердің жазбасын шығаруға келісімін берді.
Өз кезегінде, Украина басшысының өзі де Трамп оған ешқандай қысым жасамағанын және оны қонаққа шақырғандығын жеткізді.