Саясат
Бас дәрігердің жағдайы не болмақ?
Алматы қалалық сотының қылмыстық істер істер жөніндегі сот алқасы бұған дейін Қанат Тезекбаевқа қатысты таңдалған бұлтартпау шарасын алып тастады.
"Оған қатысты ешқайда шықпау және тиісті тәртіп туралы қолхат түріндегі жаңа бұлтартпау шарасы қабылданды", - деп түсіндірді Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, бұл соңғы шешім және шағым түсірілмейтіні хабарланған.
Жуырда Алматыда №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаевтың ұсталғаны белгілі болды. №2 мамандандырылған ауданаралық тергеу соты екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған.
Дәрігерге Қылмыстық кодекстің 317-бабы, 3-бөлігі "Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы" бойынша айып тағылды.
Тезекбаевтың бас дәрігер қызметінен уақытша шеттетілгені хабарланды.
Сондай-ақ, сот санкциясымен №4 қалалық клиникалық ауруханасының анестезиологы Асқар Тұңғышбаев та екі айға қамауға алынды. Ол да Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-тармағы бойынша айыпталып отыр.
Егер кінә дәлелденсе, үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылып, бес жылға дейін сотталуы мүмкін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлер Қанат Тезекбаев пен Асқар Тұңғышбаевтың ұсталуына қатысты істі бақылауға алды. Бұл туралы президент твиттерде жазды.
Бұған дейін желіде Тезекбаевтың ұсталуы Нұрсұлтан Күдебаевтың өлімімен байланысты болуы мүмкін екені жазылған хат тараған еді. Алматы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың ұлы Нұрсұлтан Күдебаев биыл тамыздың басында Алматы облысында квадроциклмен жол апатына түскен болатын.
27 тамызда жас жігіт Германиядағы емханалардың бірінде көз жұмды.