Саясат

Мәслихат депутаттары өзекті мәселелерді көтеріп жатқан жоқ – Бауыржан Байбек

Қазіргі уақытта сайлаушылардың сеніміне кіру оңай емес

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан аймақтарындағы мәслихат депутаттары тұрғындармен белсенді жұмыс істеуі керек. Бұл туралы Nur Otan партиялық бақылау комитетінің отырысында партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек айтты.

«Бүгінгі таңда аймақтық құрамды күшейту керек. Мәслихат депутаттары белсенді болғаны дұрыс. Өкінішке қарай, аймақ тұрғындары олардың бәрін тани бермейді. Себебі олар өзекті мәселелерді белсенді түрде көтеріп жатқан жоқ. Ал бұл жерде мемлекет басшысы мен партия алға қойған міндеттерді жүзеге асыру әлеуеті жоғары», - дейді Бауыржан Байбек.

Ол Nur Otan партиясы азаматтардың сенімін ақтап, алға қойған міндеттерді абыроймен атқаруы керектігін айтты.

«Бізді көп өзгеріс күтіп тұр. Басқарушы партия ретінде өте әбжіл қозғалуымыз керек. Қазіргі уақытта сайлаушылардың сеніміне кіру оңай емес. Азаматтардың пікірі жылдам өзгереді, оған әлеуметтік желілер де айтарлықтай әсер етуде. Әр адам өзіне «Партия маған не береді?» деген сұрақ қояды», - дейді ол.

Партия төрағасының бірінші орынбасарының сөзінше, әлеуметтік желі қолданушылары қоғамдық жұмыс қалай атқарылып жатқанын жақсы біледі.

«Сондықтан мәслихат депутаттарының әлеуметтік желіні қолдана білуі өте маңызды. Бұл – сайлаушымен тікелей байланыста болу мүмкіндігі. Әлеуметтік желі арқалы қандай мәселе туындап жатқанын біліп, оны шешуге болады», - дейді Бауыржан Байбек.

inform.kz