Саясат
Екі президенттің телефон арқылы сөйлесуінің стенограммасы жарияланды
АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаның президенті Владимир Зеленскийге қысым жасамағанының ең жақсы дәлелі – Зеленский мырзаның өзі айтқан сөзі деді.
БАҚ шілдеде телефонмен сөйлескен кезінде Трамп мырза Украинадан АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Джо Байденнің ұлы Хантер Байденге қатысты тергеуді қайта бастауды сұрады деп жазды. Осыған байланысты АҚШ-тағы демократтар Дональд Трампқа импичмент жариялауды талап еткен болатын.
- Украина Президенті менің оған ешқандай қысым жасамағанымды айтты. Бұдан артық дәлел болуы мүмкін емес! - деп жазды АҚШ президенті Twitter-дегі парақшасында.
Ол сонымен қатар Джо Байден вице-президент болып тұрған кезінде ұлы Хантермен бірге «Украина президентіне жасаған шабуылдарынан» миллиондаған доллар тапқанын және Қытайдағы «миллиондарды тонап алғандықтарын» айтты. Алайда Трамп тонаушылыққа қатысты қанша мөлшердегі соманы айтып тұрғанын нақтыламады.
Владимир Зеленскийдің өзі журналистерге оған қысым көрсетілмегенін мәлімдеген болатын. АҚШ-тың Ақ үйі екі президенттің телефон арқылы сөйлесуінің стенограммасын жариялағаннан соң, АҚШ-тың Әділет министрлігі ешқандай заң бұзушылықтарды таппады.