Weekend
Өнер – ізгілік жолында
Алматыда заманауи канадалық қылқалам шебері Майкл Клоуздың «Өнер – ізгілік жолында» деп аталған сурет көрмесі ашылды. Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің қабырғасында Клоуз – халықаралық арт-қауымдастықта мойындалған шебер. Жалпы алғанда, ол АҚШ, Бельгия, Италия, Болгария, Франция, Германия, Түркия, Мысыр, Исландия, Румыния, Македония, Ресей және тағы басқа түрлі елдерде 130 жеке көркемсурет көрмесін өткізген.
Майклдың басқа өнер иелеріне ұқсамайтын бір ерекшелігі бар. Әлемнің әр қиырында өзінің сурет көрмелерін үзбей өткізетін ол туындыларын көрмені тамашалауға келген көңілі ауған адамға немесе музей ұжымына тегін сыйға тартады. «Өнер – ізгілік жолында» деп аталатын бұл жоба да автордың сол дәстүрлі көрмелерінің кезекті жалғасы. Оның басты идеясы – өнер ешқандай қалыпқа сыймайтын, елдер мен адамдарды геосаяси жағдайына немесе ұлтына қарамастан біріктіре алатын қуатты күш екенін көрсету. Шығармашылық пен кәсіби қызығушылықтың сан түрлі векторын қатар ұстаған суретші визуалдық өнерден бөлек, дизайн, сценографиямен де айналысады, театр, кино және телевидениедегі жұмыстарға да, актерлік шеберлікке де араласады. Автор өзінің бір сұхбатында қызмет-әрекеттің әрбір түрі бірін-бірі толықтырып, жарқырата түсуге жол ашатынына көз жеткізгенін жазған.
Майкл Клоуздың авторлық тәсілі қарапайым суреттер мен образға көшірілген ықшамдылықты тудыратын түстік экспрессияны, декоративтік стильдеу мен жалпылауды біріктіреді. Барлық композициялар адам табиғатын зерттеуге және көркемдік тәсілдер арқылы ізгілік келбетін іздеуге бағытталған.
– Клоуз өз шығармашылығында ештеңе араласпаған таза түстер мен контрасты сұлбаларға негізделген өзіне тән стиль қалыптастырды. Жылжымалы икемді сызықтар – басты кейіпкері адам, бірінші кезекте әйел болып келетін композицияларды құрудың басты құралы. Әйелдің дидары – сезімтал, ойлы да сұлу, үйлесімді әрі өз кемелдігін байқағыш. Майкл Клоуз ата-анасы Канадаға эмиграцияға келгеннен кейін, 1954 жылы Торонтода дүниеге келді. Майклдың өнерге деген құштарлығы бала кезінен байқалды. 1977 жылы Онтариодағы өнер колледжін бітіріп, Райерсондағы политехникалық университеттің интерьер дизайны мамандығы бойынша білім алған ол әлемдік өнерде өз жолын қалыптастырған суретші, – дейді музейдің баспасөз қызметінің жетекшісі Клара Исабаева.
Соңғы жылдары әлем елдеріне саяхаттауды өмірлік дағдысына айналдырған танымал туындыгер көрме аяқталуға жақын күндері өзінің зайыбымен бірге Қазақстанға келуді жоспарлап отырғанын жеткізген.