Weekend

«Томирис» неге қазақ тілінде көрсетілмейді? Кинотеатр өкілдерінің жауабы

Қазақы кино әлем

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жақында асыға күткен Томирис фильмі жарық көрді. Құрдастарымызбен бірге жиналып, отандық фильмге барамыз деп шештік. Өзіміз журналистика және филология факультетінің студенттері едік. Туындыны қазақ тілінде көрсететін кинотеатр таппай әбігерленген болатынбыз. Kino.kz сайтына үңілсек, қазақ тілінде сеанс жоқ екен. 

Шыққан таңнан бері кинотеатрларға қайта-қайта хабарласып "неге отандық фильмді қазақ тілінде халыққа көрсетпейсіздер?" деген сұрақпен шектелген сияқтымыз... Тұтқаны көтерген Silk Way Cinema кинотеатрының қызметшісі: 

- Кейінірек хабарласыңызшы. Нақты айта алмаймын. Бірақ бәрі орысша ғой деймін, - деп жауап берді. 

Ал Kinopark 11 (Esentay): 

- Все сеансы на русском, на казахском нет,- деп қысқа қайырды. 

Бұдан кейін Kinopark-тың басқа бөлімшелерінің бірі "орысша түсінбейсіздер ме? Көп ұлтты мемлекетте тұрып жатырмыз ғой" деп жауап қатты. Сонда Қазақстанда тұрып, отандық фильмді неге қазақ тілінде көре алмайтынымызға ішіміз удай ашыған. Біз үнемі қазақша сеанстарды көбейтіңдер деп шулаймыз, "Қазақфильмнің" сылтауы бітпейді. Нарық дейді, қазақтар киноға бармайды, қазақ тіліндегі киноны ешкім көрмейді, біз шетелдерге өзімізді таныту керекпіз, елімізде көп ұлт тұрады, кинотеатрлардың қалауы, статистика бойынша солай дейді, тағысын тағы... Неше жылдан бері жалғасып келе жатқан дау? Қашан тоқтар екен?

Кеше "Томиристің" Алматыдағы тұсаукесерінде де осы мәселе көтерілді. Премьера кезінде (Алматыда да, Елордада да) фильм орысша көрсетілді. Фильмді жарнамалау толықтай дерлік орыс тілінде, орыс тілді БАҚ арқылы жүрді.

"Қазақфильм" өкілі неге олай деген сауалға: 

- Бұл біздің қолымыздағы дүние емес. Кинотеатрлардың бәрі - жекеменшік. Олардың қалауы осындай болды, - деп жауап берді.

Ал Ақан Сатаев ағамыз: 

- Елімізде 116 ұлт тұрады. Украина орыс тілінен бас тартқанда кинотеатрларға ешкім бармай қойған, - деді. "

116 ұлт" деген сөз пресс-конференция барысында бірнеше рет айтылды. Кейін журналистер қоймаған соң, режиссер: 

- Фильмнің қазақша нұсқасы бар. Кинотеатрларда көрсетіледі. Мен де қазақпын. Мені де бұл мәселе толғандырады, - деді. 

Бірақ мәселені шеше алатынын, не шеше алмайтынын ашып айтпады.

Фильмнің қазақша нұсқасы бар екенін түсіндік, кинотеатрларда да көрсетіледі екен... Әдетте қазақ тіліндегі сеанстарды таңғы 10-ға қойып қоятын еді. Әзірге ол да жоқ. "Бірінші күн ғой, ертең, бүрсігүні дұрысталар..." деп қоямын іштей...
Бұл мәселе сіздерді де толғандырса, кинотеатрлардан туындының қазақ тіліндегі нұсқасын көрсетуді сұрайық, талап етейік.