Саясат
1917 жыл 12 желтоқсан
1917 ж. желтоқсанның 5—13 Орынборда Екінші жалпықазақ съезі өткізілді. Құрылтайдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі құру мәселелері болды.Құрылтай делегаттары Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қазақтардың өмір сүруінің өзін күрделендіріп жіберген анархия жағдайында елді аман сақтау үшін, «уақытша Ұлт Кеңесі» түріндегі берік билік құру, оған «Алаш Орда» деген атау беру, сонымен қатар милиция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Үкімет төрағалығына Бөкейханов, Құлманов, Тұрлыбаев ұсынылды. Ең көп дауыс жинаған Бөкейханов төраға болып сайланды. Ұлт Кеңесі құрамына 25 адам кірд Алаш астанасы — Семей (кейін Алаш-қала атауын алды) қаласы еді.
Бұл туралы кейіннен Әлихан Бөкейхан былай деп мәлімдейді: «съездің бұл шешімі қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына (яғни қазақтар үшін жат-таптық жіктелу) жол бермеу мүдделерінен туындады…». Үкімет төрағалығына үш қайраткер — Бөкейхан, Құлманов және Тұрлыбаев ұсынылды. Көп дауыс алған Бөкейхан төраға болып сайланды. Азамат соғысы жылдарында Кеңес құрылысына жау күштер жағында болды. Нәтижесінде азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес өкіметі Алаш партиясы мен А. үкіметін таратты. Кеңес өкіметі Алаш пен А-ны Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластауда алдау мен арбау әдісін де, қару жұмсап, күштеу жолын да қолданды. Кезінде (1919, 1920 ж.) Кеңес өкіметі Алаш қозғалысына белсене қатысқандардың барлығына кешірім жасағанына қарамастан, олар түгелге дерлік сталиншіл әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандарына айналды. Сол кезде Ресейде орын алған жағдайда қазақтардың жарияланған автономиясын жүзеге асыру мүмкін емес еді. Кезекте бостандықтың жауы — большевизммен күрес тұрды.
Өздерінің қолға алған шараларын іске асыру жолында Алашорда үкіметіне Кеңестерге қарсы жақпен бірігуге тура келді. Өйткені Кеңес үкіметі кеңестік негіздегі автономияларды ғана қолдап, көтермелесе, ал ақтардың Алаш автономиясына көзқарасы басқаша болды. Соңғыларының қолдауына сүйене отырып, қазақ халқы, дәлірек айтқанда Ә.Бөкейхан бастаған зиялылар тобы белгілі бір деңгейде дербестікке жетуге болады деп санады. Бұл жолдағы күрес оқиғалары төмендегідей өрбіді.
Алаш Орданың ақтармен бұл бағыттағы алғашқы байланысы, 1918 жылы 8-ақпанда большевиктер тұтқындаған Сібір облыстық Думасының орнына құрылған Уақытша Сібір үкіметімен болды. Алаш Орда жетекшілері атаман Дутовпен, Самардағы Құрылтай жиналысы мүшелері Комитетімен (Комуч), Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен де байланыс жасады. Басталып кеткен азамат соғысы Алаш Орданың ұстанар бағытында айқындауды қажет етті. Сөйтіп, қазақ аутономиясы өлкеде әлеуметтік-саяси негізі жоқ Кеңес үкіметіне қарсы күреске шығып, ақтарға қосылуға мәжбүр болды.
Уақытша Сібір үкіметі бастан-ақ қазақтарға ұлыдержавалық пиғыл танытты. Олар Алаш қайраткерлерінің ел ішіндегі беделін өздерінің мақсаттарын жүзеге асыруға мәселен, қажет кездерде әскер күшін жасақтау, соғыстың бүкіл салмағын халық мойнына арту т.б. жағдайларға пайдалануды көздеді. Бұл үкімет Алашорданың белгілі бір үкімет органы ретінде дербес, белсенді әрекет жасауына келісе қоймады. Архив деректері, Сібір үкіметінің мүддесін жүзеге асырушы эмиссарларға Алашорданың батыл қарсылық білдіріп отырғанын көрсетеді. Мұның соңы қазақ автономиясының өзін ресми тану туралы мәлімдемесін, Сібір үкіметінің «нағыз сепаратизмнің белгісі» деп айыптауымен аяқталды.
Бұдан кейін Алашорда Бүкілресейлік биліктен үміткер тағы бір үкімет — Самарадағы құрылтай жиналысы мүшелері комитеті (Комучпен) қарым-қатынаста болды. 1918 жылы 8 маусымда өмірге келген негізінен эсерлер басқарған бұл үкімет, демократиялық принциптерге беріктігін бірден-ақ байқатты. Бұл олардың Алашордаға көзқарасынан-ақ байқалады. Тамыз айында Комуч құрылып жатқан басқа үкіметтердің қатарында Алаш Орданы да мойындайтындығын мәлімдеді. Комитет құрамына — Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Ж. және Х. Досмұхамедовтер, А. Бірімжанов, М. Тынышбаев, М. Шоқай және т.б. кірді. Бірақ бұл табыс та ұзаққа бармады.
Оппозициялық күштерді біріктіру мақсатында Комуч ұйымдастыруымен 1918 жылдың 8-23 қыркүйегінде Уфа кеңесі өтеді. Кеңеске жоғарыда аталған қайраткерлер қатынасты. Бұратана халықтар атынан сөйлеген Ә. Бөкейхан өздерінің сепаратизмнен аулақ екендігін, демократиялық-федеративтік Ресеймен біртұтас екендігін айтты.
Кеңес жүріп жатқан кезде 11-қыркүйекте Ә. Бөкейханның төрағалығымен Х. және Ж. Досмұхамедовтер, М. Тынышбаев, У. Танашев, Ә. Ермеков, А. Бірімжанов қатысқан Алашорданың төтенше мәжілісі өтеді. Онда қазақ автономиясын Алашорданың бір өзі басқаратыны, ал бұрынырақта (18-мамырда) батыс Қазақстандағы саяси жағдайға байланысты уақытша құрылған Ойыл уәлаяты таратылатыны шешілді. Оның онына жол қатынасы нашарлығымен соғыс жағдайы себебінен Алашорданың батыс бөлімшесі құрылды. Бұл болашақта шақырылатын Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы қарсаңында, бірауыздан құрылған автономия бар екенін Кеңеске қатысушыларға көрсету болатын.
Алашорда сонымен бірге Кеңес үкіметімен байланыс жасауға тырысты. Халел және Жанша Досмұхамедовтер Ленин, Сталинмен, сондай-ақ Халел Ғаббасов ұлт ісі жөніндегі халық комиссары Сталинмен келіссөз жүргізді. Мұның нәтижесі — аутономияның мәдени мұқтажына орталықтың көмегі, бүкілқазақтық құрылтайды шақыру, өлкеде азаматтық бітімге келу туралы уәделер болды.
Алаш қайраткерлеріне Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің 1919 жылғы 4 сәуірдегі және 1920 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен амнистия жарияланса да, Кеңес үкіметі күшіне мінгеннен кейін, олардың өткенін ешуақытта ұмыта да, кешіре де алған жоқ. Түрлі әдіспен бүркеленген қудалау ақыры, Алаш зиялыларын жаппай қырғынға ұшыратты. Бұл зобалаңнан аман қалған саусақпен санарлық зиялы қазақ, өмірлерінің соңына дейін Мемлекеттік Қауіпсіздік Комиеті назарынан тыс қалмады. Ал атылғандардың үрім-бұтақтары да соңғыларының кебін киді.
Бұдан кейінгі Қазақстанның саяси тарихы бәрімізге белгілі. Алдымен 1920 жылы құрылған Қазақ Кеңестік Автономиялық социалистік республикасы, кейіннен 1936 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік республикасы болған тұсында қазақтар отаршылдық қамытынан қол үзген жоқ. Қазақ халқы өз тілін, дінін, әдет-ғұрпын, саяси санасын жоғалту алдында тұрды. Өз тілінен жеріген ұрпақ пайда болды, мәңгүрттік пайда болды.