Bugin
Ауған соғысына оларды тәуелсіз Қазақстан жіберген жоқ, оларды жіберген мемлекет баяғыда құрыған
Маңғыстауда Ауған соғысының ардагерлері журналист Марат Тоқашбаевқа наразылық білдірді. Журналисттің «Бай-қуатты болайық» бағдарламасында айтқан сөзін ардагерлер "жастай жазықсыз соғысқа аттанған бізге қорлығы" деп есептейді. Журналист 24 қыркүйек күні Нұртілеу Иманғалұлы жүргізетін «Бай-қуатты болайық» бағдарламасына барып, "Құндылықтарды қайта бағалау» тақырыбында пікір білдірген.
- Кабулдың ресми деректеріне қарағанда 1979 – 1989 жылдары совет одағының әскерлері 1,5 млн ауғандықтарды қырып тастаған. Атқан, бомбалаған, тіпті еш аяушылық көрсетпеген. «Біз Ауған соғысының ардагеріміз» деп кеудесін соғатындар үшін ұятты жайт бұл. Ауған соғысына оларды тәуелсіз Қазақстан жіберген жоқ, оларды жіберген мемлекет баяғыда құрыған. Ал соғысқа қатысқан ардагерлердің бүгінгі таңда «Ауған соғысының ардагеріміз» деп мақтанып, әртүрлі жеңілдіктер сұрауға қақысы жоқ. Олар алып жүрген зейнетақысына риза болып, тыныш ғана өмір сүрсін. Олардың жас ұрпақпен кездесу өткізуі де қажетсіз нәрсе. Өйткені олар бейбіт жатқан елге басып кіріп, біз соларды қырдық дейді. Бұйрық орындаушы болса, орындалған бұйрықтың психологиялық салмағымен өмірден өтсін, — деген еді.
Басқосуда өздерінің моральдық соққы алғанын айтқан ардагерлер бір ауыз сөз біздің ғұмырымызды жоққа шығарды дейді.
- Бағдарламаны көпшілік көрді. Тыңдады, көңіліне түйді. Жастардың кейбірі естіп, мыналарың қанішер екен деуі де мүмкін. Марат Тоқашбаевты білеміз. 49-жылғы азамат. Ауған соғысы басталған уақытта ол да еңгезердей жігіт болды. Өрімдей жастардың не кінәсі бар еді ол кезде. Тарих - әр кезде де құнды. Айтар тіл болса сол кезеңде ашып айтар еді ғой. Өткен кезеңнің ақ-қарасын талқыға салар Құдай ғана. Ауған барған жігіттердің кейбірінде әлі баспана да жоқ. Үкімет бұл мәселеге көңіл бөліп, үн қатуы керек, - дейді облыстық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Байрам Мамемдов.
Дегенмен, араға көп уақыт салмай Марат Тоқашбаев ардагерлерден кешірім сұрап, әлеуметтік желіге бейнежазбасын жолдаған болатын. Бағдарламада айтқан деректерінің шындығына күмән келтірмейтінін жеткізген ол "Эмоцияға беріліп, артық сөйлеген жерлерім болса, ардагер інілерімнен кешірім сұраймын!" деген. Бірақ маңғыстаулық ардагерлер журналистің заң алдында жауапқа тартылуын сұрап, тиісті жерлерге шағымданамыз деп отыр.