Bugin

Түркістанда Бекзат Саттарханов туралы фильмнің тұсауы кесілді

Балалық шағы мен өмірінің соңғы сәттері

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Түркістанда жаңадан жарық көрген «Бекзат» көркем фильмінің тұсауы кесілді. «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген туынды Сидней Олимпиадасының чемпионы, жасындай жарқ еткен жұлдыз, боксшы Бекзат Саттархановқа арналған.

- Жасындай жарқ еткен жас ғұмырдың ерте үзілгені қай-қайсымыздың да қабырғамызды қайыстырды. Бекзаттай батырдың болмысын бүгінгі ұрпақтың жадына жеткізу, бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру – баршамыздың парызымыз. Сондықтан да, «Хабар» агенттігі, Сидней Олимпиадасының чемпионы, белгілі боксшы - Бекзат Саттарханов туралы тұңғыш автобиографиялық «Бекзат» драмасын таспалауды ұйғарды. Мақсатымыз - ерте сөнген жұлдыздың санаулы ғұмырындағы жігерлі жетістіктерін, қайтпас қайсарлығын, ұлтжандылығы мен намысқойлығын көрсету арқылы бүгінгі жас ұрпақты рухтандыру, жас спортшыларымызға бұқаралық салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады, - деді «Хабар» агенттігі АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев

Фильмнің алғашқы көрсетіліміне, сондай-ақ даңқты спортшының ата-анасы, туыстары қатысты.

- 20 жас ғұмырында қолынан келгенше еліне барлық күш-жігерін беріп кетті. Бекзатқа қандай марапат, қандай кино шығарса да артық болмас. Бекзатты жастардың алдына үлгі етіп қойса... оның имандылығы, үлкенді сыйлауы, қазақылығы, бірбеттілігі, алға қойған мақсатын орындайтын мінезі қазіргі қазақ жастарына керек, - деді марқұм спортшының әкесі Сейілхан Саттарханов.


Туынды сюжетінде боксшы өмірінің үш кезеңі қамтылады: балалық шағы, боз бала кезеңі және өмірінің соңғы сәті. 90-жылдардың басындағы қиын-қыстау заманға тап келген Бекзаттың балалығы көп қиындықтармен өтеді. Түркістан қаласындағы темір жолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзаттың көзімен бейнеленеді. Оның арманы, намысқой бітімі әрбір сәтте сыналып отырады.

ҚазАқпарат