Саясат

Дариға Назарбаева Сенаторлар кеңесін құруды ұсынды

Сенат – негізгі кадрлық тағайындауларға түрткі болатын институт

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елордада Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Сенаторлар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Мұны Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, бұл отырыста Дариға Назарбаева Сенаттың рөлін нығайту, күшейту мәселелеріне ерекше мән берген. Әлеуметтік-саяси процестерге белсенді араласуды ұсынған.

 Бұл қайта жаңарулардың барысында республика Парламенті мен өңірлік мәслихаттардың рөліне ерекше басымдық беріліп отыр. Президент Қ.Тоқаев: «Біздің мемлекеттік биліктің формуласы: мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деп атап көрсетті». Сондықтан Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатын нығайту, оның қызметін жаңа мазмұнмен толықтыру, Сенат пен оның депутаттарының қоғамдық және әлеуметтік-саяси процестерде жоғары деңгейде белсенділік танытуы – біздің тікелей міндетіміз, - деді Д.Назарбаева.


Сенат басшысы Конституцияға сәйкес Парламенттің Жоғарғы палатасына елеулі дәрежеде өкілеттік берілгенін атап өтті.

 Сенат – негізгі кадрлық тағайындауларға түрткі болатын институт. Еліміздің бюджетін қалыптастыру мен бекіту, сондай-ақ оның атқарылуын бақылау кезінде ол шешуші қызмет атқарады. Сенат Қазақстанның өңірлерінің атынан өкілдік етеді және өңірлік мәслихаттардың үні болып табылады. Республикалық заң шығару деңгейінде ең үздік, толыққанды және конституциялық тұрғыдан ресімделген нысанда өңірлердің мүддесін білдіреді, - деді Төраға.

Дариға Назарбаева қазіргі таңда еліміздің дамуы мен ілгері жылжуы үшін алдағы уақытта дұрыс ойластырылған шешімдер қажет екенін, бұл шешімдер заманауилық пен даналықты, жаңалықтар мен өткен ұрпақтың тәжірибесін ұштастыра алуы тиіс екенін атап өтті және осындай түсініктен келіп, Парламенттің Жоғарғы палатасында кеңесші орган – Сенаторлар кеңесін құру идеясы туындағанын, оның құрамына алдыңғы шақырылымдардағы неғұрлым беделді, ең тәжірибелі Сенат депутаттары шақырылып отыратынын айтты.

 Бұл Кеңес даналықты, тәжірибені, ұстамдылықты және тұрақтылықты білдіреді. Біз оны тікелей диалог жасайтын, өзекті проблемаларды талқылайтын, оларды шешу жөнінде ұсынымдарды дайындайтын ашық алаң ретінде қызмет етеді деп ойлаймыз. Сенаторлар кеңесі жұмыс істеп отырған депутаттық корпустың сенімді тірегіне айналады деп үміттенеміз. Бізге Сіздердің білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз, күш-қуаттарыңыз, Қазақстанның шынайы патриоттары ретіндегі белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз қажет. Өйткені баршамызға ортақ бір ғана Биік Мақсат бар, ол – қоғам мен мемлекет мүддесіне қызмет ету, - деп атап өтті Төраға.