Экономика
Бұл жайлы ол ЕАЭО кеңес отырысында айтты
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Қытай арасында туындаған сауда соғысының кесірі бүкіл әлем экономикасына зиянын тигізіп отырғанын атап өтті.
- Біздің одақ сыртқы серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық үшін ашық. Алайда, нарық тез өзгеріп бара жатқан коньюктурасы, державалар арасындағы өсіп келе жатқан бәсекелестік, сауда соғыстары, протекционизмнің өсуі – әлемдік экономиканың тұрақсыздығын тудырып отыр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында.
Әсіресе, Қытайдағы жағдай көрші елдерді жағымсыз жағдайларға апаруы мүмкін.
- Біріншіден, БҰҰ мәліметіне сәйкес, әлемде туындаған сауда соғыстары келесі жылдың басында әлемдік экономиканы 850 млрд доллардан 1 трлн долларға дейінгі шығынға ұшыратуы мүмкін. Өндіріс қарқынының бәсеңдеуі, жаһандық ауқымда инвестициялардың қысқаруы жалпы әлемдік ЖІӨ-ні 1 пайызға азайтуы мүмкін. Бұл – өте ауқымды сандар. Әлемдегі экономикалық өсімнің төмендеуі, бұл мәселенің сауда серіктестеріміз ЕО-да, Қытайда айтарлықтай білінуі – біз үшін де жағымсыз жайға апаруы ықтимал. Осы жылы тауар айналымының қысқарғанын байқап отырмыз. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, ЕАЭО елдерінің үшінші елдермен тауар айналымы 2 пайызға азайған. Одақ елдерінің өзара тауар айналымы 5 пайызға дейін – 28 млрд долларға дейін қысқарды. Бұл – жағымсыз тенденция, - деді ол.