Bugin
Бостандыққа болуы мүмкін
Алматы облысы әкімінің орынбасары 25 қыркүйек күні ұсталған болатын. Алайда оған қандай айып тағылғаны сол күйі белгісіз қалған еді. Ал бұл іске зерттеу жасап көрген "Время" басылымы Бағдат Манзоровтың қымбат жер телімін рәсімдеп бергені үшін ұсталуы мүмкін деген тұжырымға келеді.
Манзоров осы жазда Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың орынбасары болып тағайындалған болатын. Ал оған дейін Алматы қалалық сәулет басқармасында қызметте болған. Алайда Манзоровтың орынбасар қызметіне келіп, екі жарым айдан кейін ұсталуына оның қазіргі қызметі емес, бұрынғы сәулет басқармасындағы былықтары себеп болған көрінеді.
Редакция қолындағы құжаттарға қарағанда, 2018 жылы алматылық қос кәсіпкер – Ыбраев пен Баймахановтың жалға алған жер телімдеріне үлкен үй салу үшін шенеуніктерден рұқсат алмақ болған. Олар "Жайлау" шағын ауданында орналасқан 1,8 гектар жер телімін 2014 жылы алған. Қазір бұл аудан "Ғаламат" деп аталады. Бұл ауданда кілең бай-бағландар тұрады, 100-ге тарта үй салынған.
Кәсіпкерлер әу баста коммерциялық мақсатта алған жер телімдерінің мақсатын өзгертіп, жер үй салуға рұқсат алу үшін Алматы қалалық сәулет басқармасына барып жүгінген.
Тергеу материалдарына қарағанда, қос кәсіпкердің Арипов есімді делдалы Манзоровпен кездесіп, "жақсы жігіттерге көмектесуге" көндіреді. Алайда тегін емес. Манзоров "еңбегінің өтемі ретінде" кәсіпкерлерден 30 соттық жер сұраған. Ал алған жерін қызы Айгерім Манзорованың атына жазған.
Қолдағы құжаттарға қарағанда, Манзоров бұл 30 соттықты "тегін" емес, бақандай 7,2 млн теңгеге сатып алған екен. Алайда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Ғаламат" шағын ауданындағы мұндай жер телімінің құны, кем дегенде, 300 млн теңге болуы тиіс деп отыр.
Манзоров сөзінде тұрып, кәсіпкерлерге құжаттарын өзгертіп берген екен. Алайда "жеке тұрғын үй құрылысы" дегеннің орнына "кемпинг" (туристер лагері) деп жаза салған. Яғни, кәсіпкерлер бұл құжатпен әлі үй сала алмай жүрген көрінеді.
Сондықтан Манзоровқа басында пара алды деп айыпталса, кейін оған «Алаяқтық жасады» деген айып тағылған.
Осы орайда айта кетуге тұрарлық тағы бір дүние бар. Яғни, Манзоров қазір тергеу изоляторында емес, бостандықта жүруі мүмкін деген хабар бар. Оны шенеуніктің көмекшілері айтып отыр. Олар шенеуніктің қазір сырқаттанып ауруханаға барып жүргенін жеткізген.
Ал Алматы қаласының соты Манзоровқа қатысты істің әлі сотқа түспегенін хабарлады.