Weekend

Елді түзеу өзіңнен басталады

Қоғамдық сананы жаңғырту

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мен патриотпын ба? Сұрақ күрделі. Жауабы ауыр. Бұл бәрімізге қойылатын сұрақ. 

Ешкімді сынамай, өзіме ғана жауап берейін. Менің жауабым әркімнің көкейінде жүрген ой шығар. Патриот болсам, мен инемен құдық қазып, ауырлығына шыдап білім жолына түсер едім. 

"Қазаққа пайдасы тисін" деп жаңалық ашып өмірін жеңілдетер едім. Баяғы жалқаулық. Патриот болсам кәсіп ашып, байлық іздеп байлығымды әрдайым мұқтаж жандарға үлестірер едім. 

Баяғы өзіме сенімсіздік. Патриот болсам дін жолына түсіп, тым болмаса ешкімге зиянымды тигізбес пе едім. 

Баяғы күнәһарлық, әлсіздік. Пара бермеу керектігін біліп тұрып беремін. Алмау керектігін біле тұра аламын. "Уақытымды үнемдеу керек" деп бір арнаға қоя алмаймын. Өзіме де, өзгеге де пайдам жоқ, бишара қалпым сол. Білімнің тұнып тұрған қазына екенін біле тұра қолымды бір сілтеп тастап кеттім. Ысырап дұрыс емес екенін біле тұра ақшаны жөнсіз жұмсап жүрмін. Жақындарымнан басқа еш жанашыр жоқ екенін біле тұра, солардың қадіріне жетпей ұрысып қаламын. Соларға ғана күшім жеткен арсыз адаммын. 

Бастықтың алдында жалбақтап, біреу басшыны мақтай қалса "суламай кір" деп жөнсіз әзілдеймін. 

Баяғы екіжүзділік. Иә, менде саяси өзгерістер қалайтын жанның бірімін. Бірақ өзімнен бастау керектігін түсінбей келемін, түсінігімде келмейді. Кінәнің бәрі өзімде. Біреуге өзімді силата алмасам силастықты талап еткенім қай сасқаным. Кәсіп істеп тапқан пайдам жоқ, үкіметке қол жайып отырмын. Мәселе тек митингте емес. Өзімді түзей алмасам кімге өкпелеймін. Бір ауыз сөзбен бітірейін. Баяғы қазақ ойшыл еді. Қазіргі мен тойшылмын. 

Баяғы қазақ діншіл еді. Қазіргі мен күңшілмін. Шыққан биігі жоқ, менікі не тыраштану.