Weekend

3 қазан күнгі кинопремьералары

Джокер мен Бекзат Саттарханов прокатта бәсекеге түседі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Прокатқа DC комикстеріне негізделген «Джокер» фильмі шықты. Ол прокатта отандық «Бекзат» байопигімен бәсекеге түседі.

«Джокер»(«Joker»)[18+]: DC әлемінің танымал зұлымы, Бэтменнің қарсыласы Джокер туралы дербес жоба. Бұл фильмді осыған дейін шыққан ешбір киноғаламмен байланыстыруға болмайды, қарапайым адамның зұлымға айналуын суреттейтін жеке-дара оқиға.

Готэм, 1980 жылдар. Комик Артур Флек сырқат анасымен тұрады. Анасы оны үнемі күлімдеп жүруді үйреткен. Алайда Артур адамдардың қатыгездігіне ұрынады. Уақыт өте келе ол бұл әлемге мейірімді күлкі емес, Джокердің зұлым күлкісін сыйламақ болады.

Басты рөлде Хоакин Феникс ойнайды. Одан бөлек Роберт Де Ниро, Зази Битц және басқа да жұлдыздар бар. «Джокер» биылғы Канн кинофестивалінің бас жүлдесін алғанын айта кету керек.

«Сен құпия сақтай аласың ба?» («Ты умеешь хранить секреты?» / «Can You Keep a Secret?»)[16+]: басты рөлде Александра Даддарио ойнаған романтикалық комедия.

Сюжет бойынша іссапардан жолы болмай, көңілі түсіп келе жатқан Эмма ұшақта қасында отырған адамға барлық құпиясын ашып салады. Сөйтсе бұл кісі оның бастығы екен. Ертесіне бастық Эмма істейтін офиске келіп тексеру жүргізеді.

«Бекзат» - «Хабар» телеарнасының тапсырысымен түсірілген телефильм. Алдымен картинаның кинотеатрға арналған нұсқасы ұсынылып отыр.

Фильм Сидней олимпиадасының чемпионы, марқұм Бекзат Саттархановқа арналады. Фильмде Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтылады. Балалық шағы, боз бала кезеңі және өмірінің соңғы сәті.

Басты рөлде Самат Әзімқұлов есімді жас актер ойнайды. Фильмді Мұрат Бидосов түсірді.

«Ұсқынсыз» («Эверест» / «Abominable»)[6+]: Қытай-Америка мультфильмі.

Анимациялық картинаның сюжетіндекішкентай достар йетиге ұқсайтын беймәлім тіршілік иесін кезіктіреді. Оның үйі алыстағы Эверестте екен. Достар оны үйіне қайтару үшін алыс сапарға аттанады.

«Коллини ісі» («Дело Коллини» / «Der Fall Collini»)[12+]: аттас романға негізделген неміс драмасы.

Каспар Лайнен неміс бизнесменін өлтірген итальяндық Фабрицио Коллинидің ісін қолға алады. Қылмыс себебін анықтай отырып, жас адвокат 1940 жылдары фашистік Италияда болған оқиғалар туралы біледі.

Бұлардан бөлек «Проклятие «Мэри» деген америкалық хоррор, Ресейдің «Волшебник» атты комедиясы мен «Люби их всех» драмасы прокатқа шықты.