Саясат
«Асар» республикалық партиясының төрағасы Д.Н.Назарбаева ханымға ашық хат!
Өткен жылдың күзінде, парламенттік сайлау өте салысымен, Сіз басқаратын «Хабар» агенттігінің қызметкерлері ақпарат құралдары арқылы мені аталған компанияның ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтірді деп айыптап, сотқа беретіндері туралы қауесет таратты. Моральдық нұқсан бір миллиард теңгеге бағаланды.
Сол кезде мен де «Время» газеті арқылы көпшілік алдында Сізбен, тағы да қайталап айтам, тек Сізбен кез келген іс жөнінде соттасуға дайын екенімді жарияладым. Мен сотқа және көпшілікке кейбір құжаттарды ұсынып, куәгерлерді көлденең тартып, бұрынғы баспасөз министрі ретінде Сіз басшылық ететін медиахолдингтің қалай құрылғанын айтып беремін деп мәлімдедім. Алайда, осы мәлімдемеден кейін Сіз де, «Хабар» агенттігі де ешқандай әрекетке барған жоқсыздар. Сотқа да тоқтау салынды...
Енді, міне, жақында мен Алматы қаласының Медеу аудандық сотынан шақыртау қағазын алып, шағым арызбен таныстым. Мұнда өткен күздегі «сылтаулар» сөзбе-сөз қайталаныпты. Тек бір ғана мәселеде өзгеріс болған: компанияның ар-намысы мен іскерлік беделі бір миллиардтан 50 миллион теңгеге «арзандаған». Мен бұған да жете мән бере қойған жоқпын. Менің қайран қалатыным: мені неге жеке Сіздің өзіңіз емес, «Хабар» агенттігі сотқа береді? Мен «Хабарды» Сіз бен Сіздің отбасыңызға белгілі бір дәрежеде қатысы бар «КТК», «НТК» сияқты телеарналар мен өзге де БАҚ-тардың қатарындағы жеке субъект ретінде атадым ғой. Бұл тізімнің «Хабар» агенттігінің ар-намысына қалайша нұқсан келтіріп, оның іскерлік беделін қалайша төмендеткені маған әлі күнге дейін жұмбақ болып отыр.
Бірақ, егер Сіз сотқа беріп отырған «Республика. Деловое обозрение» газетіндегі сұқбатпен адвокаттарыңыз арқылы ғана таныс болсаңыз, өз сөзімді тағы бір рет қайталап шығайын: «Менің ойымша, қай ақпарат құралының кімге тиесілі екендігін халық жақсы біледі. Маған салса, мен Дариға Назарбаева мен оның отбасына тиесілі медиахолдингті демонополизациялар едім». Назар аударыңыз, мен ақпараттық рынокты монополияландырып алды деп «Хабар» агенттігін емес, Сізді және Сіздің отбасыңызды айыптадым.
Дариға Нұрсұлтанқызы!
Сіз де, мен де, Сіздің әкеңіз де Сіздің медиахолдингтің қалай құрылғанын бес саусақтай жақсы білеміз. Бұл – сонымен бірге аса қызықты фактілер мен детальдарға толы. Сіз екеуіміздің қарсыласуымыздың басы да. Сондықтан, Сізден өтінерім, мені жеке өз атыңыздан сотқа беріңіз. Біз екеуіміз де ел білетін саясаткерлерміз, бізге өзгенің артына тығылған жараса қоймас.
Мен өз айтқандарымның дұрыстығына сенімдімін. Егер Сіз де өзіңізге сенімді болсаңыз, сотта бетпе-бет отырып, ақпарат құралдарының КІМГЕ, ҚАШАН, ҚАЛАЙ жеке меншікке берілгенін, сатылғанын, сатып алынғанын жұрт алдында жайып салайық. Сот та әрқайсымыздың сөзімізді таразыға салып көрсін!
Менің тілегімді қабылдап, өзге біреулердің көмегіне сүйенбей, өзгелерді араластырмай, өз ар-намысыңыз бен іскерлік беделіңізді қорғайтын шығарсыз деп үміттенемін. Алдағы сот процесі қатардағы іс емес, белгілі бір теле-радиоарналардың кімге тиесілі екендігін және олардың кімнің сөзін сөйлеп отырғанын халыққа паш ететін үлкен саяси оқға боларына кәміл сенімдімін.
Құрметпен,
Алтынбек Сәрсенбайұлы
26 мамыр 2005 жыл