Спорт
Кез келген бокшымен айқас өткізуге дайынмын
Қазақтың кәсіби бокшысы Қанат Ислам неліктен Америкада жекпе-жек өткізбейтінін түсіндіріп, Қазақстанда өткізіп жүрген бокс кештерін сынға алушыларға жауап берді.
Бокшының өзі АҚШ-та жекпе-жек өткізуге қарсы емес, алайда сәті түскен кезде, әйтеуір, бір нәрсе кедергі болады да тұрады. Мәселен, осының алдындағы жекпе-жекті бір жыл бұрын алған жарақаты себеп болып, АҚШ-та өткізе алмай қалған.
- Бокста жүргеніме 25 жыл болды. Кез келген бокшымен кездесуге дайынмын. Қандай салмақ екені де маңызды емес. Жекпе-жекті Америкада өткізуге де бармын. Онда 20 млн мексикалық, 10 млн флиппин тұрады. Латын америкалықтар мен орыстар, украиндар да көп. Үлкен публика жинауға болады. Алайда Америкада қазақтар аз. Мен өлсем де, мәңгі құрметтеп өтетін қазағым ғана. Мен қазаққа ғана керекпін, америкалықтарға керегім жоқ. Бокшы ретінде қазаққа ғана қажетпін, - дейді ағынан жарылып Қанат Ислам.
Жекпе-жектің табысы көп болуы үшін оны жарнамаға айналдырып таныту керек.
- Мәселен, Мексикада апта сайын бокс кеші өтеді. "Канелоның" өзі де Мексикада жүріп, 30-0 есебімен рекорд жасады. Кейін оны Америкаға "әдемі" алып келді. АҚШ-та жүрген мексикалықтар Канелоның нағыз табысты бокшыға айналдырды. Ал бізде бір бокс кешін өткізе қалсаң, бәрі сынап шыға келеді. Сөз көп, іс аз, - дейді бокшы.
Ал бір бокс кешін дүркіретіп өткізу үшін үлкен демеушілік керек. Мықты бокшының артында да мықты демеуші тұрады.
- Неге Геннадий Головкин Америкада танымал бокшыға айналды? Өйткені оны қолдаушылар көп болды. Оның арасында Елбасымыз да бар. Соның арқасында атышулы бокшылармен кездесіп, ірі жекпе-жектер ұйымдастыра алды. Сондай мүмкіндікті маған бергенде ғой... Оның үстіне, "Канело" деген кім өзі? Маған жіберіңдерші! Рингте екі-ақ адам болады. Біреуі жеңіп, біреуі жеңіледі. Ол да мені ұрар, мен де құлармын. Оның бәрі қалыпты жайт, басымнан өткен нәрсе, - дейді Қанат.
Айта кеткен жөн, Қанат Исламның (26-0, 21 КО) ендігі жекпе-жегі 26 қазан күні Алматыда өтеді. Бұл жолы Намибияның бокшысы, WBO-дың бұрынғы чемпионы Андрад Уолтер Каутондоквамен (18-1, 17 КО) кездеседі.
Ал Геннадий (39-1-1, 35 КО) мен Деревянченконың (13-1, 10 КО) кездесуі 5 қазан күні Ньй-Йоркте өтеді.