Саясат
Жаңа жобаның алғашқы кезеңін іске асыруға республикалық бюджеттен 7,2 миллиард теңге бөлінеді деген жоспар бар
Жаңа жобаның алғашқы кезеңін іске асыруға республикалық бюджеттен 7,2 миллиард теңге бөлінеді деген жоспар бар. Осы ақша есебінен кредиттер және микрокредиттер беріледі.
"Пилоттық жоба аясында ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге және қосалқы шаруашылықтарға 2,5 мыңнан астам бюджеттік кредиттер мен микрокредиттер беру қарастырылған. Бұның барлығы 5-7 жылға 2,5 проценттік мөлшерлемемен таратылады", - дейді бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов.
Осы шаралардың арқасында келесі жылы Жамбыл облысында 7 мыңнан астам отбасының табысы 104 000 мың теңгеге дейін өседі деген жоспар бар. 2021 жылда – 156 000 теңге, ал 2022 жылы жобаға қатысатын әрбір отбасының табысы 200 000 теңгеге дейін артады.
Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысында 1,1 миллион адам тұрады. Олардың ішінде 680 мың адам – ауыл тұрғындары. Жалпы, аймақта халықтың жартысы – 506 мың адам жұмыс істейді. Бірақ 35 проценті – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Солардың ішінде 8,3 мың адам нәтижесіз жұмыспен қамтылып отыр. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Жақында үкімет Жамбыл облысы халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны мақұлдаған болатын. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың айтуынша, бүгінде аймақта біраз адам жеке шаруашылықпен айналысады. Бірақ өз табысын арттыра алмай отыр. Ал пилоттық жобаның арқасында олар өз кәсібін ұлғайта алады деген жоспар бар.